ДИКТОР: 23-маусым – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі. Жыл өткен сайын аталмыш салаға көп көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қызметкерлердің қатарын жас, білімді де жан-жақты жастармен толықтыру маңызды. Осыған орай жыл сайын сала мамандары қайта даярлау курстарынан өтіп, түрлі тренингтерге қатысып отырады.

РКС: 2013-жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 23-маусым – мемлекеттік қызметші күні болып бекітілген. Облыстың мемлекеттік органдарында 4 мыңнан аса маман бар. Оның 30,7 проценті жастар. Барлық қызметшілердің 67 проценттен астамы әйелдер болса, соның 20 процентке жуығы басшылық лауазымдарды иеленген. Елдің дамуы, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен иық тірестіріп, бәсекеге қабілетті болуы жолында мемлекеттік қызметкерлердің алар орны маңызды. Бұл салаға келген әр маманның өзіне жүктелген жауапкершілікті түсініп, елге адал қызмет етуі шарт. Осы қағиданы ұстанатындардың бірі зеренділік Әсел Хасен. Жас маман мемлекеттік қызметке конкурс арқылы өткен.

СНХ: ӘСЕЛ ХАСЕН, ШАҒАЛАЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ (ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ): Мемлекеттік қызметті таңдауымның себебі ол біріншіден тұрақтылық, мансап және де мүмкіншіліктер. Мемлекеттік қызмет ол халықпен жұмыс болғандықтан, жауапкершілікті талап ететін қызмет болып табылады. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарға өте көп көңіл бөлуде. Және де осы мемлекеттік қызметке өту жолы жеңілдетілген. Яғни, тестілеуге өту үшін өтінімді egov KZ порталы арқылы беруге болады.

РКС: Мемлекеттік қызметшілердің бір орында отырып қалмаулары маңызды. Бұл ретте, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының рөлі зор. Аталмыш білім ордасында 2 жыл оқып, бірден басшылық лауазымға тағайындалғандардың бірі – Игілік Оспанов. Ер кезегі үш деген ол екі рет сыннан өте алмаса да берілмеген. Үшінші жолы барлық емтихандарды сәтті тапсырып, академия түлегі атанды.

СНХ: ИГІЛІК ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бірнеше рет сыннан өте алмай қалсам да, табандылық танытып осы салаға келгеніме еш өкінбеймін. Өйткені, академияда мен жаңа білім ғана емес, достар, ойымыз бір жерден шығатын әріптестер таптым. Екі жыл ұмытылмас сәттерге толы болды. Мемлекеттік қызмет белгілі бір білімді талап етеді. Осы ретте, мен академия - мансаптық жолда көтерілуге мүмкіндік беретін әлеуметтік саты екенін және білмегенімді академияда үйренетініміді түсіндім.

РКС: Мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдық. Биыл алғаш рет өңірлік кадр резервіне іріктеу жүргізілуде. Оған қатысу үшін онлайн-порталда 389 адам тіркелген. Барлық кезеңдердің нәтижесі бойынша ең үздік деп танылған 25-і резервке қойылады. Ал, олар алдағы уақытта еш байқаусыз басшылық лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл бастама мемлекеттік қызметтің имиджін арттырып, қызметкерлердің қатарын жан-жақты, белсенді және көшбасшылық қабілеттері бар жастармен толықтыруды көздейді.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ