ДИКТОР: Денсаулық сақтау саласы мамандарының алдында тұрған басты міндеттердің бірі – тұрғындардың репродуктивті әл-ауқатын бақылауда ұстау. Өңірде осындай мақсатпен ашылған отбасын жоспарлау және жастар денсаулық орталығы бар. Олардың жұмысымен арна тілшілері танысып қайтты.

РКС: Бүгінгі таңда, облыста 800 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың жартысынан көбі әйелдер. Нәзік жандылардың үштен бірі бала тууға қауқарлы, яғни, фертильді жаста. Және оларға арнайы медициналық көмек көрсету маңызды.

СНХ: АЙКӨРІМ КӘРІМОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Жыл сайын тіркелген халық тізіміне сәйкес фертильді жастағы әйелдердің топтары шоғырланады. Олар тиісті тексерістен өтеді. Қандай да бір ауру шықса, емдеу жолдары қарастырылады. Содан кейін 92-ші бұйрыққа сәйкес қажетті топқа тіркейді.

РКС: Кәмелеттік жасқа толмағандар мен жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау бойынша медициналық көмек көрсету де маңызды. «Клиника Панацея» жанындағы репродуктивті денсаулық орталығы жасөспірімдік кезеңнің ерекшеліктеріне байланысты денсаулықты сақтау сұрақтары жөнінде кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетеді.

СНХ: ГҮЛНӘЗИЯ ЗҰЛҚАРНАЕВА, «КЛИНИКА ПАНАЦЕЯ» СЕРІКТЕСТІГІ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Біздің орталық 10-18 жас аралығындағы және 29 жасқа дейінгі жастарға медициналық-әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетеді. Төрт принцип бойынша қызмет кешенін ұсынамыз. Біздің қызмет қолжетімді, адамның тіркелген, тіркелмегеніне қарамаймыз. Көп уақыт күтудің де қажеті жоқ және қызмет тегін көрсетіледі. Қызметкерлеріміз әр келушімен сыпайы сөйлесіп, жағдайын жасайды. Ең бастысы біздегі ақпарат құпия түрде қалады. Келушілердің сенімін тудыратын басты қағидамыз – осы.

РКС: Бүгінгі таңда, облыстық медициналық мекемелерде 26 отбасын жоспарлау кабинеті бар. Ол жерлерде отбасын құру бойынша кеңес, репродуктивті денсаулықты нығайту және қорғау сұрақтары, түсік жасаудың алдын алу үшін контрацепцияның заманауи әдістерін қолдану бойынша кеңестерден тұратын кешенді медициналық қызмет көрсетіледі.

СНХ: ЖҰЛДЫЗ ӘЛПІЛӘМ, ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНА БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Отбасын жоспарлау кабинетінің мамандары арнайы оқытудан өткен. Қазіргі таңда, облыс бойынша 4705 әйел жүктілікті жоспарлап жүр. Және сол кабинеттерде алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіледі. Ондай дайындықтан 2422 әйел өткен. Бұл 51,4%. Одан бөлек, мүлдем бала көтеруге болмайтын әйелдерге көп көңіл бөлеміз. Бұл күрделі экстрагениталды аурулары бар әйелдер.

РКС: Жоспарланбаған жүктілік пен түсік жасауға жол бермеу мақсатында әлеуметтік тәуекел тобына жататын әйелдерді контрацептивпен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл мақсатқа осы жылдың бірінші тоқсанында 1,5 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ