ДИКТОР: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша биыл Ақмола облысына 87 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Негізгі бөлігі жұмыс берушілердің қаражатынан аударылады. Бүгінде өңірде 800 мыңға жуық тұрғын емханаларға бекітілген. Оның ішінде 82 проценті әлеуметтік медициналық сақтандырумен сақтандырылған. Бұл шамамен 600 мыңнан астам адамды құрап отыр.
РКС: Бөлінген қаржы ақмолалықтарға сапалы медициналық көмек көрсетуге жұмсалып отыр. Жыл басынан өңір тұрғындарына 20 млрд.теңгеге 40 мыңнан астам қымбат медициналық қызмет көрсетілген. Атап айтқанда, магниттік резонанстық және компьютерлік томография. Ал, 150 мыңға жуық тұрғын стоматологиялық қыхметке жүгінген. Осы ретте, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалы емханалардың қызмет сапасына ерекше көңіл бөліп, мониторинг жүргізіп тұрады.
СНХ: ТАЛҒАТ ТҰРМАҒАНБЕТ, МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Өкінішке орай, есепті кезеңнің қорытындысы бойынша анықталған ақаулар мен айыппұл сомасы былтырғы жылмен салыстырғанда 8 процентке өскен. Жалпы, есепті кезеңде 100 мыңнан астам ақау анықталды. Бұл 1 млрд.теңгені құрап отыр. 3 бағыт бойынша ақау анықталды. Біріншіден, медициналық көмек көрсету стандарттарын, диагностикалық және емдеу хаттамаларын бұзуға байланысты. Екіншіден, халыққа негізсіз медициналық көмек көрсету. Үшіншіден, көрсетілген қызмет көлемінің бағасын көтеру.
РКС: Биыл әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалына 500-ге жуық шағым түскен. Басты мәселе - консультациялық-диагностикалық қызметті ұзақ күту, медицина мамандарының дөрекі қарым-қатынасы және денсаулық ұйымдарында көмек көрсетуден бас тарту. Тіпті, мемлекеттік қор есебінен дәрі-дәрмек беруден бас тартқан жайттар да тіркелді. Осыған орай, арнайы тексеріліс жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданды. 1-ші қыркүйектен бастап медициналық көмек алу үшін өзге емханаға ауысуға мүмкіндік берілді. Бұл науқан 1-ші қазанға дейін жалғасын таппақ.
СНХ: ТАЛҒАТ ТҰРМАҒАНБЕТ, МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Өздеріңіз білетіндей, міндетті медициналық сақтандыру бойынша ай сайынғы төлем мөлшері төлеушінің санатына байланысты. Жұмыс беруші жалақының 3 процентін төлейді. Бұл 25 500 теңгені құрайды. Ал, жалдамалы жұмысшыға табыстың 2 проценті беріледі. Яғни, 17 мың теңге. Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының иелері және жеке практикамен айналысатындар 5950 теңге төлейді. Ал,өздігінен төлейтін азаматтар 4250 теңге төлеу керек.
РКС: Қордың негізгі мақсатының бірі пациенттердің сапалы медициналық көмек алу құқығын қорғау және тұрғындармен кері байланыс орнату. Осы ретте, 1406 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Qoldau-24/7 мобильді қосымшасы әзірленді. Оның көмегімен науқастар кеңес алып, шағымдарын жеткізе алады. Ал, сақтандыру мәртебесін Damumed, Halyk, BCC.kz, Kaspi.kz және Eqov сайты арқылы тексеруге болады.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ