Негізгі Жаңалықтар Қауіпсіздік - басты талап!

Қауіпсіздік - басты талап!


ДИКТОР: Бүгінде өндіріс пен құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруде. Қыркүйектің біріндегі жағдай бойынша өндірісте ауыр салдарға әкелген 8 жазатайым оқиға тіркелді. Ал, өткен жылдың осы кезеңінде 14 оқиға орын алып, оның 12-сі ауыр салдармен аяқталған. Бір жағдай адам өліміне әкелсе, тағы бірінде 2 жұмысшы зардап шеккен. Бұл көрсеткіштер еңбек қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын айқын көрсетеді. Осыған орай, жазатайым оқиғалардың алдын алу және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға арналған семинар және практикалық сабақ өткізілді.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Кез келген қауіпті аймақта еңбек ету, адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жауапты жұмыс. Сондықтан жұмысшыларды арнайы киіммен, қорғаныс құралдарымен және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету әрбір жұмыс берушінің басты міндеті. Бүгінде Ақмола облысы мен Көкшетау қаласында құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған арнайы 2 жұмыс тобы құрылды. Олар құрылыс алаңдарын аралайды. Еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын тексеріп, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылдауға ұсынымдар береді.

СНХ: ТӨЛЕГЕН ШАПАҒАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЭНЕРГЕТИКА, АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ «БІРЛІК» ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПТІК ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Біз құрылыс алаңдарына ауқымды мониторинг жүргіздік. 16-ға жуық нысанды араладық. Олардың қатарында элиталық тұрғын үй кешендерінен бастап, шағын құрылыс нысандарына дейін бар. Мониторинг нәтижелері бойынша мердігер ұйымдардың басшылары мен мемлекеттік мекемелерге ұсыным хаттар жолданды. Алайда комиссия келген кезде ғана қауіпсіздік талаптарының сақталатыны жиі байқалады. Мәселен, учаске бастығы комиссия келген сәтте барлық жұмысшыға каска мен арнайы киім кигізеді. Ал комиссия кеткеннен кейін жағдай қайта өзгереді. Біз тоғызыншы қабат биіктігінде кроссовкамен, сақтандыру белдігінсіз жұмыс істеп жүрген тас қалаушыларды қайта көреміз. Сонымен қатар, қорғаныс торларының жоқтығы және жалаңаш электр сымдарының болуы сияқты қауіпті жағдайлар да анықталуда.

РКС: Семинарға еңбек инспекциясының өкілдері де қатысты. Олар еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және жұмыс берушілердің міндеттерін тағы бір мәрте еске салды.

СНХ: ҚАЙРАТ ЖАНАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Біріншіден, жұмыс беруші кәсіптік тәуекелдерді бағалап, оларды барынша азайтуға бағытталған шараларды қабылдауы тиіс. Сонымен қатар, өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді қауіпсіздеу баламаларына ауыстыруы қажет. Екіншіден, жұмыс берушінің міндетіне қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша жыл сайын оқытуды ұйымдастыру кіреді. Яғни, жұмыс беруші мұндай оқытудың жүргізілуін қамтамасыз етуге міндетті. Аттестаттау комиссиясын құруға мүмкіндігі жоқ шағын ұйымдар болған жағдайда, олар оқу орталықтарымен келісімшарт жасасып, қажетті оқудан өтеді. Сондай-ақ, жұмыс беруші еңбекке қолайлы санитарлық-гигиеналық жағдай жасауға міндетті. Ол өз қаражаты есебінен қызметкерлерді атқаратын жұмысы мен кәсібінің ерекшелігіне сәйкес қажетті арнайы киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуі тиіс.

РКС: Биыл еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында бірқатар өзгеріс күшіне енді. Атап айтқанда, өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі нақтыланды. Енді зардап шеккен жұмыскердің немесе оның жақын туыстарының өтініші бойынша комиссия жұмысына адвокат немесе заң консультанты дауыс беру құқығынсыз қатыса алады. Сондай-ақ, жазатайым оқиға кезінде зардап шеккен адамның кінәсін анықтауға қатысты норма нақтыланып, оның кінәсінің үлесі 25 пайыздан аспауға тиіс. Ал еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытуға қатысты жаңа талаптар әзірге кейінге шегерілді. Оларды енгізу мерзімі келер жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу