Жаңа теміржол вокзалы ашылды
ДИКТОР: Атбасарда ауқымды жаңғыртудан кейін теміржол вокзалы ашылды. Бұл жоба еліміз бойынша 124 вокзалды жаңғыртуға бағытталған ұлттық бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Қазір бұл көлік торабы арқылы 16 поезд қатынайды. Осылайша, шаһарды Астана, Қостанай, Семей және Қарағандымен, сондай-ақ еліміздің батыс бөлігімен және өзге де өңірлермен байланыстырып тұр. Ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
РКС: Станция күніне 300-ден астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Мұнда жайлы сапар үшін қажеттінің бәрі қарастырылған. Күту залы кеңейтіліп, «ана мен бала» бөлмесі және балаларға арналған ойын алаңы жабдықталды. Мүгедектігі бар және қозғалысы шектеулі жандарға да жағдай жасалды. Бұдан бөлек, ғимарат ішінде алғашқы медициналық көмек көрсету бөлмесі жұмыс істейді.
СНХ: ЖОЛАМАН ҚАЖЕНОВ, АТБАСАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мынау енді бәрі әдемі, көз қуантатын жағдай. Оған бір рахмет мына облыс басшыларына, КТЖ басшыларына, осындай бізге вокзал салып бергеніне, халық ырза. Көп ықпал етеді ғой, үлесі зор бұл енді вокзалдың. Қарым-қатынас көп бұнда, өйткені көп жүк тасылайды, узловой станция ғой, ортада тұрған. Төрт жолдың төрт тарабында тұрған. Сосын оған үлесін қосады деп отырмын. Мен қазір Атбасардан Астанаға барамын, Алматыға барамын, балалар бар дегендей, той-томалаққа барамыз. Өте жақсы болып тұр қарым-қатынас. Кейінгі жаңа поезд маршруттары қосылып жатыр: Ақтөбе болсын, Атырау, Маңғыстауға дейін кетіп қалуға болады, Ресейге барлық жаққа, Қазақстанның бүкіл жеріне өтуге болады
РКС: Бұрынғы станция 1956 жылы салынған. Ғимарат заманауи талаптарға сай емес еді. Құрылысшылар ғимараттың кіреберісін шатырын және ішін толығымен жаңартып, жаңа инженерлік желілерді өткізді. Сондай-ақ, перрон жаңартылып, станция маңындағы аумақ абаттандырылды. Жаңартылған кешеннің аумағы 661 шаршы метрден 823 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.
СНХ: МАДИЯР САТТЫБАЕВ, МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Ғимаратты толығымен бұзып, қайтадан салу туралы шешім қабылданды.Жаңа жоба аясында ғимаратты 170 шаршы метрге кеңейтіп, жертөле қабатын қостық. Сонымен бірге станция ішінде келушілерге барынша қолайлы жағдай жасауға тырыстық. Перронды жаңартып, оны пайдалануға ыңғайлы етіп жасадық.
РКС: Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Атбасар халқын жаңа теміржол вокзалының ашылуымен құттықтап, бұл шаһар еліміздің көлік жүйесінде ерекше роль атқаратынын атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Баршаңызға бүгінгі осы көптен күткен өте қуанышты шара — ол Атбасарда теміржол вокзалының ашылуы. Осыған құтты болсын. Вокзал қызмет жасап, әрине, әрбір акмолалықтарға, әрбір атбасарларға ол ыстық. Біреулерді шығарып салдыңыздар, біреулерді күтіп алдыңыздар. Балаларыңызды әскерге жіберіп, одан да міне үлкен бір осы әлеуметтік, осы отбасыларыңыздағы бір жанды, бір қызықтардың бір куәгері болған бұл теміржол вокзалы. Ал енді міне, сол 70 жылдан кейін мынау жаңа құрылыс. Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасы — ол осы міне үлкен еліміздің, байтақ кең еліміздің қарым-қатынасы, адамдардың бір-бірімен осындай қолжетімді болсын, ыңғайлы болсын, қолайлы болсын деп.
РКС: Бұл нысан Ақмола облысында жаңартылған 15-ші вокзал. Жалпы аймақ бойынша 16 станция жаңғыртылады. Айта кетейік, Қазақстанның өзге өңірлерімен салыстырғанда Ақмола облысында ең көп.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ