Кедергілер жолағы: мүгедек арбасына таңылғандар қалада қалай жүріп-тұрады?
ДИКТОР: Қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту қалалық инфрақұрылымның сыртқы келбетін жаңартумен ғана шектелмейді. Мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Пандустар, төмендетілген жиектастар және тактильді жабындар мүгедектігі бар жандардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалуына мүмкіндік береді. Арбаға таңылғандар, көзі нашар көретіндер қалада қалай жүріп-тұрады, тілшіміз зерттеп көрді.
РКС: Көкшетау қаласының тұрғыны Владимир Демещенко бала кезінен бері мүгедектер арбасын пайдаланады. Оның айтуынша, мәселе тек ғимаратқа кірумен шектелмейді. Қаланың кейбір бөліктерінде жай ғана көшеден өтудің өзі нағыз сынаққа айналуы мүмкін.
СНХ: ВЛАДИМИР ДЕМЕЩЕНКО, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен «Сұңқар» шағын ауданында тұрамын. Онда «Кристалл» деген дүкен бар. Сол жерде жолдың бір бөлігі нақтырақ айтқанда, «Сұңқар» жағынан шығатын жол айрығы сәтсіз жобаланған. Ол асфальтталғанымен, қолдануға өте ыңғайсыз. Одан өту қиынға соғады, тіпті сырттай көмексіз еңсеру мүмкін емес. Сондай-ақ, Сарыарқада, емханаға барар жолда да қиын учаске бар. Жол жабынының бүлінуіне байланысты ол жерден өту біз үшін өте қиын.
ГРАФИКА МӘТІНІ: Көкшетау қаласында мүгедектігі бар 8 788 адам тұрады. Олардың ішінде 453 адамның көру қабілеті, 351 адамның есту қабілеті бұзылған, ал 1 152 адамда тірек-қимыл аппаратының зақымдануы бар.
ГРАФИКА:
МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫҢ ЖАЛПЫ САНЫ – 8788
КӨЗІ КӨРМЕЙТІНДЕР – 453
ҚҰЛАҒЫ ЕСТІМЕЙТІНДЕР – 351
ТІРЕК-ҚОЗҒАЛЫС АППАРАТЫ БҰЗЫЛҒАНДАР – 1152
РКС: Көкшетаудағы әлеуметтік және қалалық инфрақұрылым нысандары мүмкіндігі шектеулі адамдарға кезең-кезеңімен бейімделуде. Оларға қозғалысы шектеулі жандардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты талаптар қойылады.
СНХ: АЗИЗА ШИЯБИДЕН, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ: Нысандарға қойылатын негізгі талаптарға пандус немесе көтергіш құрылғының, қызметкерді шақыру түймесінің, тактильді жабынның, шыны есіктердегі контрастылы таңбалаудың, Брайль қарпімен жазылған нысан атауының, ақпараттық тактильді картаның және баспалдақтардағы тұтқалардың болуы жатады. Сонымен қатар, дәретханалар арнайы тіреуіш тұтқалармен, балдақтар мен таяқтарға арналған ілгектермен және шұғыл шақыру түймесімен жабдықталуы тиіс.
РКС: Биыл қаланың 25 орнында кедергісіз қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Олардың 16-сы қолжетімділік жөніндегі интерактивті картаға енгізіліп қойды, ал қалған 9-ы қазан айының соңына дейін бейімделіп, жасалады.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ