Жақсы ауылында спорттық-сауықтыру кешені ашылды
ДИКТОР: Жақсы ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді. Нысанның ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Өңір басшысының жұмыс сапары барысында жергілікті теміржол вокзалына да барды. Мұнда ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, вокзалдың жаңарған келбетімен танысты.
ШУМ:
РКС: Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы аудан тұрғындары үшін көптен күткен оқиға. Заманауи нысанның мүмкіндіктерін жергілікті спортшылар да бағамдап үлгерді. Солардың бірі – Ислам Ғасымов. Ол он жылдан астам грек-рим күресімен айналысып келеді. Спортшының айтуынша, жаңа кешендегі заманауи жағдайлар жаттығу сапасын арттырып, спортшылардың жарыстарға тыңғылықты дайындалуына жол ашады.
СНХ: ИСЛАМ ҒАСЫМОВ, СПОРТШЫ: Жақсы ауданында осындай заманауи спорт кешенінің ашылғанына өте қуаныштымын. Спортшы ретінде мұндай жағдайдың жасалғаны біз үшін үлкен мүмкіндік. Жаттығуға өте қолайлы, барлық жағдай қарастырылған. Маған қатты ұнады.
РКС: Қос қабатты ғимаратта жүзу бассейні, спорт және жаттығу залдары, сондай-ақ медициналық және әкімшілік кабинеттер қарастырылған. Нысанның ашылу салтанатында облыс әкімі Марат Ахметжанов ауданның спорттық әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа кешен спортшыларды даярлаудың негізгі базасына айналып, бұқаралық спортты дамытуға серпін беретінін жеткізді.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Тұңғыш рет Жақсы ауданында су бассейні ашылмақшы. Ол тұрғындардың дене шынықтыруына, спортпен шұғылдануына үлкен мүмкіндік бередi. Бүгінгі мына көптен күткен осы спорт сарайы бүгін есігін ашып, Жақсы ауданының тұрғындарын, қонақтарын, балаларын осы ғимаратта дене шынықтырып, салауатты Қазақстан бағдарламасын орындауға толық мүмкіндік беріп отыр. Жақсы ауданы өзінің спорт нәтижесімен өте танымал аудан. Осы жерден әлемге танымал Карина Ибрагимова, Дина Жоламан сияқты спортшыларымыз шықты.
РКС: Жаңа спорт кешені бір мезетте жүз адамға дейін қабылдай алады. Мұнда спортқа енді қадам басқан жасөспірімдерден бастап, кәсіби деңгейдегі спортшыларға дейін жаттығады. Аймақ басшысы нысанды қажетті құрал-жабдықтармен қосымша қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ спорттық тренажерлер мен керек-жарақтар сатып алуға 5 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
ШУМ:
РКС: Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында теміржол вокзалының жұмысымен де танысты. Жақсы станциясы 1960 жылдан бері жолаушыларға қызмет көрсетіп келеді. Күн сайын вокзал арқылы қалааралық және қала маңындағы бағыттар бойынша 5 пойыз қатынайды. Тәулігіне орта есеппен 80 жолаушыға қызмет көрсетіледі. Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін вокзал заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Ғимаратта жолаушыларға арналған жайлы күту залы, ана мен бала бөлмесі жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де барлық қажетті жағдай жасалған.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ