Жалпыреспубликалық «Қауіпсіз қала» акциясы басталды
ДИКТОР: Көкшетауда «Қауіпсіз қала» жалпыреспубликалық акция басталды. «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері жергілікті билік өкілдерімен және төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесе отырып, қаладағы нысандарды ықтимал қауіп-қатерлер тұрғысынан тексеруде. Олар ашық қалған кәріз құдықтарына, электр жабдықтарына, тұрғын үй шатырларына және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін ойын алаңдарына ерекше назар аударады. Қатысушылар анықталған барлық кемшілікті тіркеп, тиісті мекемелерге хабарлайды.
РКС: Бұл бастамаға белсенділер, студенттер мен жастар ұйымдарының өкілдерінен құралған 50-ге тарта адам атсалысуда. Қатысушылар көшелер мен аулаларды жаяу аралап, тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін жайттарды анықтап жүр. Олар анықталған әрбір мәселені тіркеп отырады. Өйткені, кейін оны тиісті шаралар қабылдау үшін бейінді мекеме мамандарына жолдайды.
СНХ: БИМАХАН САНТАСОВ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС КӨПСАЛАЛЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: «Жастар Рухы» ұйымында үш жылдан бері белсенділік танытып келемін. «Қауіпсіз қала» акциясына қатысуымыз бірінші рет емес. Назар аударуды қажет ететін мәселе өте көп. Мысалы, ашық қалған кәріз құдықтарын, қауіпті аймақтар мен салбырап тұрған электр сымдарын анықтадық. Бірнеше ауданды қамтыдық. Жеке өз басым төрт шағын ауданды аралап шықтым. Бұл ісімді мен қаламызға қосқан елеулі үлесім деп санаймын. Осы бастамаға өзге де жастарды шақырамын. Сүйікті шаһардың жағдайына бей-жай қарамай, белсенділік танытуымыз керек. Патриоттық сезімімізді оятып, туған өлкеге көмектесу әрқайсымыздың парызымызға айналуы тиіс.
РКС: Бастаманың басты мақсаты – ықтимал жазатайым оқиғалардың алдын алу және қауіп төндіруі мүмкін жағдайларды жедел жою. Балалар жиі болатын аймақтарға ерекше назар аударылады. Белсенділер жүйелі түрде тексеріс жүргізіп отырады. Ыңғайлы болу үшін қаланы жекелеген аймақтарға бөліп алған.
СНХ: СҰЛТАНБЕК БЕКІШЕВ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Әдетте бізде халық арасында «Автогород» және «Шанхай» аталып кеткен шағын аудандар проблемалы учаске саналады. «Автогородтағы» мәселелер негізінен шешілді. Мәселен, жоғары техникалық колледж маңында көптеген кәріз құдықтарының қақпағы ашық жататын еді. Қазір олардың бәрі жабылды. Ал «Шанхай» шағын ауданында бұл жағдай әлі де өзекті. Сондықтан бүгін жұмысты сол сектордан бастауды жөн көрдік.
РКС: Белсенділер бір апта көлемінде Көкшетау қаласының өзге де шағын аудандарын қамти отырып, жұмысты жалғастырмақ. Мұндай акция Щучинск қаласында және Ақмола облысының басқа да елді мекендерінде қатар жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар қауіп төндіруі мүмкін аумақтарды анықтау үшін мейлінше көбірек мониторинг жүргізіп, оған бейінді қызметтердің назарын аудармақшы.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ