Негізгі Жаңалықтар Өңірде техникалық мамандарға сұраныс жоғары

Өңірде техникалық мамандарға сұраныс жоғары


ДИКТОР: Ақмола облысында техникалық мамандар тапшылығы әлі де өзекті. Бүгінде өңір кәсіпорындарына 600-ден астам маман қажет. Әсіресе инженер-механик, оператор, дәнекерлеуші, электрик пен жүргізушілерге сұраныс жоғары. Жыл сайын техникалық мамандықтарға бөлінетін грант саны артқанымен, еңбек нарығындағы қажеттілік толық өтелмей отыр. Осы мәселені шешудің жаңа тәсілі ретінде өңірде бірден бірнеше кәсіпті меңгеруге мүмкіндік беретін мамандық ашылды. Жаңа бағдарлама жұмыс берушілер сұранысына сай әмбебап кадр даярлауға қаншалықты мүмкіндік береді? Бұл бастама өңірдегі маман тапшылығын азайта ала ма? Тілші баяндайды.

РКС: Степногорск қаласындағы агрохимиялық өнім шығаратын зауытта 200-ге жуық адам еңбек етеді. Соған қарамастан, кәсіпорынға әлі де 50 шақты жұмысшы қажет. Осыған байланысты зауыт басшылығы жергілікті колледждермен тығыз байланыс орнатқан. Алайда әзірге одан айтарлықтай нәтиже болмай тұр, дейді кәсіпорын басшысы.

СНХ: ТАЛҒАТ УӘЛИ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ: Иә, қажетті маман табу өте қиын. Жастардың көбі бұл салаға бара бермейді. Қазір бізде 45 адамның жұмыс орны бос тұр. Колледжедерге барып, жастарды шақырамыз. Бірақ келгісі жоқ. Бұл өз кезегінде зауыттың жұмысына да кері әсер етеді.  

РКС: Жауаптылар кадр тапшылығын шешудің жаңа жолын қарастырып отыр. Яғни, еңбек нарығында сұранысқа ие бірнеше мамандықты біріктіріп, бірден бірнеше кәсіпті меңгерген маман даярлау көзделген. Осы мақсатта биыл Көкшетаудағы колледждердің бірінде жаңа мамандық ашылды.

СНХ: НҰРҒАЛИ ӘЛЖАНОВ, КӨКШЕТАУ ҚҰРЫЛЫС-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мен негізі бұл колледжге электрик боламын деп келгенмін. Алайда мұнда хаус мастер мамандығы бар екенін көріп, оның өте ыңғайлы әрі көпфункционалды екенін біліп, осы мамандыққа түстім. Себебі бұл мамандық мені үш мамандықпен қамтиды. Мен тек электрик қана емес, дәнекерлеуші және ағаш ұстасы да бола аламын.

РКС: Қазір аймақтағы 20-ға жуық колледжде 7,5 мыңнан астам студент техникалық мамандықтарды меңгеріп жатыр. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы университетте жыл сайын бір жарым мыңға жуық маман даярланады. Алайда олардың барлығы оқуын тәмамдаған соң дипломы бойынша жұмысқа орналасады деуге кепіл жоқ. Соңғы жылдары өңірдегі білім беру ұйымдары дуалды оқыту жүйесіне басымдық беріп отыр.

СНХ: ИРИНА ИБРАГИМОВА, КӨКШЕТАУ ҚҰРЫЛЫС-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазір колледжімізде 650 студент оқиды. Олардың 60 пайызы дуалды оқыту жүйесі арқылы білім алады. Осы мақсатта жергілікті 30-ға жуық кәсіпорынмен арнайы келісімшарт жасалған. Яғни студенттер ол жерде тәжірибеден өтіп, кейін жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

РКС: Жұмыспен қамту басқармасының мамандары да мәселеден хабардар. Олардың сөзінше, маман тапшылығын жою үшін кәсіпорын бірден тиісті басқармаға өтініш беру керек. Өндіріске қажетті кадрларды тауып, арнайы оқыту сол кезден бастап қолға алынады.

СНХ: БОЛАТ ШӘРІПОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК ҰТҚЫРЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біз бұл мәселені қайта оқыту бағдарламасы арқылы шешіп жатырмыз. Яғни тұрғындар сұранысқа ие мамандық бойынша қысқа мерзімді 3 айлық курстан өте алады. Кейін сол құжаты бойынша қызметке қабылданады. Барлығы тегін жүргізіледі. Былтыр біз 400 адамды оқытсақ, жыл басынан бері 300-ден астам адамды қамтып үлгердік.  

РКС: Қазір өңірде 7 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Жауаптылар олардың саны жыл санап қысқарып келеді деп сендіріп отыр. Өйткені жыл басынан бері 20 мыңға жуық адам уақытша және тұрақты жұмысқа орналастырылған. 

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу