Шағын және микробизнеске 585 млн. теңге бөлінді
ДИКТОР: Аймақтағы кәсіпкерлердің көбі қолжетімді қаржыландыруға қол жеткізеді. Ақмола облысында «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілетін салалар тізімі кеңейтілді. Шағын және микробизнес қандай көмекке сене алады. Тілшіміз баяндайды.
РКС: «Iскер аймақ» бағдарламасы қазақстандық кәсіпкерлерге өткен жылдың желтоқсанынан бері қолдау көрсетіп келеді. Бұл жоба аясындағы несие сомасы 200 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Көкшетауда терезе шығаратын компания осындай қолдауға ие болды. Бастапқыда шағын шеберхана ретінде ашылған кәсіпорын бүгінде өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтып, дамуын жалғастыруда.
СНХ: ЕЛЕНА ЛИХАЧЁВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Біз өндірістік қуатымызды арттыру бағытында үздіксіз жұмыс істеп келеміз. Биыл «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мемлекеттік қолдауының арқасында шыны өндіруге арналған жабдықтарды сатып алып, жаңа цех салуға қажетті қаржыландыруды қамтамасыз еттік. Бұрын құрылымдарымызға қажетті шыныны сыртқы жеткізушілерден алатын болсақ, енді өз шыны өндірісімізді іске қосуға мүмкіндік туды. Бұл бізге өнім сапасын жақсартуға, тапсырыс орындау мерзімін қысқартуға және тапсырыстарды клиенттерге жедел жеткізуге жол ашады.
РКС: Мемлекет несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің 40, ал әлеуметтік кәсіпорындар үшін 50 процентіне дейін субсидия береді. Бұрын «Іскер аймақ» бағдарламасы аясындағы қаржылық көмекке тек өндіріс саласы ғана қол жеткізе алатын еді. Қазіргі таңда әр аудан үшін мемлекеттік қолдауға ең көп мұқтаж салалар айқындалып, осы бағыттар бойынша қаржыландыру мүмкіндіктері кеңейтілді.
СНХ: НҰРГҮЛ БОЛЫСОВА, «ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫ ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ: Талдау нәтижесінде Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әр ауданға арналған NACE кодтарын бекіту үшін Ұлттық экономика министрлігіне ұсынды. Бұл кодтар әр аудан үшін әртүрлі болып келеді, яғни Көкшетау қаласына қатысты кодтар Зеренді немесе Аршалы аудандарында қайталанбайды. Олардың қатарына жүкті сақтау, тасымалдау, медициналық қызмет және басқа да қызмет түрлері жатады.
РКС: Ұлттық экономика министрлігі облыстың барлық қаласы мен ауданында қаржыландыруға арналған қосымша бағыттарды бекітті. Жиі аталатын салалардың қатарына мал шаруашылығын, көлікке қызмет көрсетуді және демалысқа қатысты қызмет түрлерін қолдауды кеңейту кіреді.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, НАИР ЗАХОВАЕВ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ