Аймақ басшысы аудан тұрғындарымен кездесті
ДИКТОР: Сондай-ақ Жақсмы ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов тұрғындармен есепті кездесу де өткізді. Онда әлеуметтік нысандар құрылысының сапасы, ауыл шаруашылығын дамыту және инфрақұрылымды жаңарту мәселелері басты назарда болды. Өңір басшысы жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді және ауданның алдағы негізгі міндеттерін айқындады.
РКС: Әлеуметтік нысандар құрылысының сапасы облыс әкімінің Жақсы ауданы тұрғындарымен кездесуіндегі басты тақырыптың біріне айналды. Өңір басшысының ұстанымы айқын. Мәселе туындап, мерзімдер бұзылғаннан кейін ғана іске кірісуге болмайды. Депутаттар мен қоғамдық кеңестер жұмыстардың барысын ең басынан, бекітілген желілік кестеге сәйкес бақылауда ұстауы тиіс.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Құрылыс нысаны бой көтергеннен бастап-ақ оның барысы қатаң бақылауда болуы керек. Оны жергілікті атқарушы органдармен қатар, басқа да бақылаушы және қадағалаушы органдар, сондай-ақ қоғам өкілдері бақылауы тиіс. Заңға сәйкес, мәслихат құрамына кіретін депутаттар қоғамдық бақылауға жетекшілік жасап, құрылыс жұмыстарының барысын қадағалауы қажет. Ал құрылыс тоқтап, түрлі мәселелер мен созбалаң жағдайлар туындағаннан кейін ғана кінәлілерді іздеп, қылмыстық іс қозғап, жауапкершілікке тартудың қажеті жоқ. Сондықтан, депутаттық корпус та, қоғам да бірлесіп жұмыс істеуі керек. Мен бұл туралы оларға бірнеше рет айттым.
РКС: Жұмыс сапарының экономикалық бөлігіндегі негізгі тақырып - ауыл шаруашылығы. Агроөнеркәсіптік секторда аудан облыстағы жетекші орынның бірін сақтап отыр. Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына 500 мың гектардан астам жер бөлінді. 2 жыл ішінде майлы дақылдар егілетін алқап көлемі 11 есеге артты. Фермерлерді қолдауға 18 миллиард теңгеден астам субсидия мен жеңілдетілген несие бағытталды. Егін жинау науқанымен қатар, шикізатты қайта өңдеуге және жаңа экспорттық нарыққа шығуға ерекше көңіл бөлінуде.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Өнім жақсы, сапалы болсын деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бөлінген қаражат. Біз тыңайтқышқа 60 пайыз көмегін береміз, 20 пайызға дейін нарық бағасынан арзан жағармай мен техниканы жаңғыртуға қаражат береміз. Әрине соның барлығының арқасында жақсы өнім аламыз. Ал жақсы өнім алсақ, ол ертең ауыл тұрғындардың өмір сапасын арттырып, ауылдың кірісін көбейтеді. Мемлекеттік қолдау мол. Енді ең бастысы – оны тиімді, мақсатта жұмсау. Жақсы нәтиже көрсетеміз деген мақсатпен жұмыс істеу керек.
РКС: Өндірістің дамуы көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңартумен де тікелей байланысты. Ауданда автомобиль жолдарын ретке келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр «Атбасар – Қима» тас жолының бір бөлігі жөнделіп, Терісаққан өзеніндегі көпір нығайтылды. Биыл Жақсы және Қазақ ауылдарының арасындағы жолға жаңа асфальт төселді. 3 елді мекеннің көшелері жаңартылып, Тарасовка ауылындағы су өткізгіш құбырлар жөнделді. Ал ең ірі нысан «Жақсы–Чистополье» автожолын күрделі жөндеу. Бұл учаске ауданнан облыс орталығына дейінгі қашықтықты 60 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаны келер жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ