Прокуратура ірі инвестордың виза алуына көмектесті
ДИКТОР: Ақмола облысының аумағында 385 миллиард теңгенің ірі жобасын жүзеге асырып жатқан шетелдік инвестордың Қазақстанда жұмыс істеуіне қажетті виза беруден екі мәрте бас тартылған. Осы мәселені шешу үшін қытайлық холдингтің бас директоры Ақмола облыстық прокуратурасына өтінішпен шықты. Инвестициялық жоба астықты терең өңдеуді көздейді. Жобаның алғашқы кезеңінде жылына 1 миллион тонна бидайды қабылдайды деген болжам бар. Сол тұста шамамен 800 жұмыс орны ашылмақ. Бұл жоба Аршалы ауданындағы республикалық маңызы бар өнеркәсіптік аймақта жүзеге асырылады. Зауыт құрылысын қытайлық корпорацияның қатысуымен «Азия Алтын Дән» серіктестігі қолға алған. Бірақ, шетелдік компанияның басшысы қажетті құжаттарды рәсімдеуде қиындыққа тап болды. Оған инвесторлық виза беруден екі рет бас тартылған. Мәселені реттеуге өңірлік прокуратура ықпал етті. Құқық қорғаушылар өкілдік мемлекеттік органмен жұмыс жүргізді. Нәтижесінде холдинг жетекшісіне инвесторлық виза рәсімделді. Енді ол Қазақстанда жүріп, зауыт құрылысын өзі бақылап, инвестициялық жобаны жүзеге асырады, сонымен қатар туындаған мәселелерді жедел шеше алады.