Негізгі Жаңалықтар Су ресурстарын тиімді пайдалану өзекті

Су ресурстарын тиімді пайдалану өзекті


ДИКТОР: Есіл бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Биылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы байқалмаған. Ақмола облысындағы үш негізгі су қоймасында 555 миллион текше метрден астам су жинақталған. Мамандардың айтуынша, бұл көлем өңір экономикасының негізгі салаларының қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су ресурстарын тиімді пайдалану, суару маусымының қорытындылары және гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі мәселелері бүгін өткен брифингте талқыланды. 

РКС: Биыл өңірдегі суару жұмыстары да тұрақты жүргізілді. Ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін 84 арнайы су пайдалану рұқсаты берілген. Соның нәтижесінде 27 мың гектардан астам суармалы жер қамтылып отыр. Инспекция суару кезеңінде су пайдалану лимиттерінің сақталуын және судың заңсыз пайдаланылуына жол бермеуді тұрақты бақылауда ұстайды. Жыл басынан бері Ақмола облысында 21 әкімшілік іс қозғалып, оның 16-сы бойынша жалпы сомасы 4,6 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

СНХ: АЙБЕК СЕРӘЛІ, ЕСІЛ БАССЕЙНДІК СУ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Сонымен қатар, 5 әкімшілік істің материалдары сот органдарына қарау үшін жолданды. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында мектептерге, жоғары оқу орындарына, колледждерге және мектепке дейінгі ұйымдарға 13 рет бару ұйымдастырылды. 2026 жылғы қазан айында «Суды үнемде – болашақты сақта» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 

РКС: Су ресурстарының тұрақты әрі тиімді пайдаланылуы су шаруашылығы нысандарының жұмысына да тікелей байланысты. Бүгінде «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақмола филиалының қарамағында 19 су шаруашылығы нысаны бар. Биыл су тұтынушыларға 5,4 миллион текше метр су беріліп, 2 908 гектар суармалы жер қамтылған.

СНХ: ЕРБОЛ ӘСКЕРБЕКОВ, «ҚАЗСУШАР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ АҚМОЛА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазір жалпы ұзындығы 680 шақырым болатын екі топтық су құбыры пайдаланылуда. Олар Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 270 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етеді. Су шаруашылығы нысандарының сенімді жұмысын қамтамасыз ету де басты бағыттардың бірі. Биыл Астана және Шағалалы су қоймаларында, «Нұра-Есіл» каналында, Кенбидайық гидроторабында, Краснобор су қоймасында және «Алва» лиманды суару жүйесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

РКС: Гидротехникалық нысандарды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Ақмола филиалы бойынша 8 жоба әзірлену кезеңінде. Олардың қатарында Астана, Қоянды және Сілеті су қоймаларын, «Нұра-Есіл» каналын, сондай-ақ бірқатар гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту жобалары бар. Алдағы жылдары топтық су құбырларын реконструкциялау және Есіл өзенінде жаңа контрреттегіш гидротехникалық нысан салу жоспарланған. Бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңартуға бағытталады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу