Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 20-дан астам ұйым қатысты
ДИКТОР: Шаһарда «Open Consultation» ашық кеңес беру алаңы мен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шара жастарға ғана емес, жұмыс іздеген қала тұрғындарына да мамандық таңдап, еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен танысуға жол ашты. Тілшіміз жалғастырады.
РКС: Қала тұрғындары үшін ашық кеңес беру алаңы ұйымдастырылып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ұсынылды. Шараға 250-ге жуық студент және 20-дан астам жұмыс беруші ұйым қатысты. Жастарға тұрғын үй, гранттарды өтеу, мемлекеттік қызмет және жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес берілді.
СНХ: ШЫҢҒЫСХАН ЕЛЕШ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Отбасы банк мүшелері, «Мансап орталығынан», мемлекеттік қызмет істер агенттігінің департаментінен келіп отыр. Жастар өздеріне керекті ақпаратты ала алады. Алдағы уақыттағы тұрғын-үй мәселесі болсын, грант отработкасы болсын, мемлекеттік қызмет жайында, және қаламыздың ірі кәсіпорындар келіп отыр, оларға әрдайым сұраныс бар, мамандарды іздейді өздеріне.
РКС: Шараға 5510 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері де қатысты. Жақын арада әскери қызметін аяқтайтын сарбаздарға полиция департаменті мен басқармаларының қатарында қызметін жалғастыру мүмкіндігі ұсынылды. Қалада колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері де бос жұмыс орындарына қызығушылық танытты. Көкшетау жоғары техникалық колледжінің студенті Александр Сериков оқуын аяқтаған соң техник-механик мамандығы бойынша жұмыс істегісі келеді.
СНХ: АЛЕКСАНДР СЕРИКОВ, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Механика саласында, автомобильдерге қызмет көрсетумен айналысқым келеді. Оның ішінде мемлекеттік техникамен, яғни, өрт сөндіру қызметі мен жедел жәрдем көліктерімен жұмыс істеу қызықтырады. Колледж тиісті бағыттар бойынша жұмысқа орналастырады деп ойлаймын. Бірақ өрт сөндірушілер қолданатын күрделі әрі қызықты техникамен жұмыс істеу қызықты болар еді.
РКС: Жәрмеңкеге Көкшетау қаласының полиция басқармасы, облыстық полиция, Төтенше жағдайлар департаменттері, білім беру ұйымдары, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті, «Мансап орталығы», сондай-ақ «Новопэк», «Енки» және «Гормолзавод» серіктестіктері қатысты.
СНХ: МАРИНА КУЗЬМИНА, «ГОРМОЛЗАВОД» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ӨКІЛІ: Бүгінде слесарь-жөндеуші, аппаратшы, механик және басқа да жұмысшыларға бос жұмыс орындары бар. Сонымен қатар материалдық үстелдің бухгалтері, бөлшек сауда тобының есепшісі, сауда өкілі және мерчандайзерлер қажет. «Гормолзаводта» әрдайым бос жұмыс орындары бар. Компаниямыз қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Қызметкерлерге тегін түскі ас және қала ішінде тегін тасымалдау қызметі ұсынылады.
РКС: Мұндай кездесулер жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнатуға жасалып отырған зор мүмкіндік. Жәрмеңке барысында тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, бос жұмыс орындарымен танысты. Ал студенттер оқуын аяқтағаннан кейін еңбек нарығына қадам басуға қажетті ақпарат жинады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ