Негізгі Жаңалықтар Жыл басынан бері бизнесті қорғауға қатысты 164 арыз-шағым түскен

Жыл басынан бері бизнесті қорғауға қатысты 164 арыз-шағым түскен


ДИКТОР. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бірыңғай есеп беру күні өтті. Онда кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеу мәселелері жан-жақты сараланды. Сонымен бірге мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы өзара сенім мен іс-қимылды жақсарту және жыл бойғы жүргізілген тексерулердің нәтижелері талқыланды. 

РКС: Қыркүйектің соңғы бейсенбісінде ұйымдастырылатын шараға мемлекеттік бақылау, қадағалау органдарының өкілдері, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет істері департаменттерінің өкілдері қатысты. Бақылау, қадағалау органдарының бизнес қоғамдастық алдындағы жыл сайынғы есеп беру шарасында өзекті мәселелер алға тартылып, атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. 

СНХ: МҰРАТ БАЛПАН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қыркүйектің біріндегі жағдай бойынша Ақмола облысында 3363 тексеру тіркелді. Оның 1524-і жеке кәсіпкерлік субьектілеріне қатысты болды. Барлығы 2724 тексеру аяқталып, 1227 заң бұзушылықтар анықталды. Алайда 1473 заң бұзушылық жойылмаған күйінде қалды, нәтижесінде тексерулердің тиімділік көрсеткіші 50 пайызды құрады. Тексеру нәтижелері бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы 552 нұсқама беріліп, 573 әкімшілік іс қозғалды. 


СНХ: РАСУЛ СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Реттеу және қадағалау функциялары бар уәкілетті органдарға қатысты мәселелер палата қарауына шығарылуда. Біз бұл тақырыпқа деген көзқарасымызды аздап өзгертіп, қалыптасқан таныстырылымдар мен есептер шеңберінен шығып, бизнес қауымдастығына өздерінің нақты мәселелерін шешуге мүмкіндік беруді көздеп отырмыз. Біз бұл жұмысты бүгін тікелей эфир форматында оффлайн және онлайн режимдерінде жүргіземіз. 

РКС: Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жыл басынан бері бизнесті қорғауға қатысты 164 арыз-шағым түскен. Соның 108-і оң нәтижемен шешімін тауып, 127 миллион теңгеге жуық қаржыға кәсіпкерлер құқығы қорғалған. Арыз-шағымдардың басым бөлігі жер телімдеріне, салыққа, мемлекеттік сатып алуға, субсидиялауға қатысты. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен құқық қорғау саласына шағымданатындар да бар. Кәсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген сауалдарын бақылау, қадағалау орган өкілдеріне осы алаңда жолдап, тиісті жауаптарын алды.   


 СНХ АИДА МЕЙРАМОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР (АТБАСАР АУДАНЫ): Электр энергиясының қымбаттауы, бізге тікелей әсер етеді, өйткені біз тұтынушылармен тікелей жұмыс істейміз, біздің өз наубайханамыз бар, жарықтың қымбаттауын, ұнның қымбаттауын, бәрін кәсіпкер ретінде түсінеміз, бірақ қарапайым халыққа нанның бағасы неге қымбаттағанын қалай түсіндіреміз?

РКС: Тиісті мекемелердің өкілдері, соның ішінде облыстық мемлекеттік сәулет және құрылыс бақылау басқармасы, мемлекеттік еңбек инспекциясы мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері, сондай-ақ жер ресурстары және мемлекеттік кірістер басқармалары жаңа талаптар мен заңнамалық өзгерістер туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, бизнес өкілдеріне практикалық ұсынымдарын алға тартты.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу