Негізгі Жаңалықтар Ақмола облысынан жаңа егіннің 520 мың тонна астық жөнелтілді

Ақмола облысынан жаңа егіннің 520 мың тонна астық жөнелтілді


ДИКТОР: Елімізде астық тасымалының көлемі айтарлықтай артты. Қаңтардан тамызға дейін теміржол арқылы 9 миллион 300 мың тонна бидай тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға көп. Оның басым бөлігі шетелге экспортталды. Оның көлемі 7,2 миллион тоннаға жетті. Сонымен қатар ішкі нарыққа жеткізу жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде. Орақ науқаны кезінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» оңтүстік өңірлерге 427 вагон бидай жөнелтті.

РКС: Ақмола облысы жаңа өнімді тиеу көлемі бойынша көш бастап тұр. Тамыз айының басынан бері мұнда 520 мың тоннаға жуық астық жөнелтілді. Бұл – республика бойынша жалпы көрсеткіштің үштен бір бөлігі. Оның 409 мың тоннасы шетелге экспортталса, 111 мың тоннасы еліміздің өзге өңірлеріне жөнелтілді. Жеткізуді жеделдету үшін Қазақстан темір жолы тікелей пойыздарды іске қосты. Енді құрамдар артық аялдамалар мен сұрыптау жұмыстарынсыз бірден соңғы станцияларға дейін қатынайды.

СНХ: ӘЛІБИ ТӨЛЕГЕНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Егін ору маусымы басталғалы бері астық тиелген 80-ге жуық тікелей маршрут жөнелтілді. Вагондарды жеке-жеке жіберудің орнына маршруттық тәсілді қолдану вагондардың айналым уақытын қысқартады. Маршрут пойыздары техникалық станцияларда қайта өңдеусіз, желі бойынша басымдықпен тікелей межелі станцияға дейін жеткізіледі. Бұл жолдағы уақытты қысқартып, вагондарды келесі тиеуге қарағанда жылдамырақ босатуға мүмкіндік береді.

РКС: Қазақстан теміржолдарына 15 мыңнан астам астық тасымалдайтын және 17 мың жабық вагон жұмылдырылған. Локомотив паркінде 1700-ден астам вагон бар. Жыл басынан бері қосымша 119 локомотив сатып алынды. Жұмыстың іркіліссіз жүруін қамтамасыз ету үшін жедел штаб құрылды. Элеваторлар, фитосанитариялық қызметтер мен кеден органдары тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшіп, демалыс күндері де қызмет көрсетіп жатыр. Бұл ретте тарифтер көтерілген жоқ.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АКПАРАТ.


Бөлісу