Ақмолалық кардиохирургтер жүрекке ота жасады
ДИКТОР: Облыстық көпсалалы аурухананың дәрігерлері жүректі тоқтатпай операция жасады. Ақмолалық кардиохирургтер Зеренді ауданының тұрғынын инфаркттан аман алып қалды. Мамандардың кәсібилігі мен жедел әрекеті туралы тілшіміз баяндайды.
РКС: Рашит Бәкіров ауруханаға инфаркт алдындағы жағдайда түсті. Сондықтан шұғыл шешім қабылдау қажет болды. Алайда бұл жағдайда отаны стандартты әдіспен жасау мүмкін емес еді. Мұндай жүрекке ашық операция кезінде науқасты жасанды қан айналымы аппаратына қосады. Бұл ретте жүрек уақытша тоқтатылып, қан сұйылтылады. Ал Рашит Бәкіровтің асқазанында ойық жара болған. Жасанды қан айналымы аппаратын пайдалану қан кетуге себеп болуы мүмкін еді. Сондықтан дәрігерлер хирургиялық араласуды жүректі тоқтатпай жүргізуге шешім қабылдады. Қазір науқастың жағдайы едәуір жақсарды.
СНХ: РАШИТ БӘКІРОВ, НАУҚАС (ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ): Қабылдау бөліміне келдім. Шұғыл түрде ауруханаға жатқызды. Операция жасады. Ұжым өте жақсы. Қазір әлсіздік бар. Орнымнан тұрып, ақырындап жүріп жүрмін. Жүріп-тұруға дағдыланып келемін.
РКС: Ақ халаттылар операция күрделі әрі шұғыл болғанын айтады. Алайда бұл ақмолалық кардиохирургтер жасаған алғашқы ота емес. Алдағы уақытта мамандар мұндай операцияларды тұрақты түрде жүргізуді жоспарлап отыр.
СНХ: ЕРБОЛАТ ӘЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАНЫҢ КАРДИОХИРУРГІ: Операция 75 минутқа, яғни 1 сағат 15 минутқа созылды. Егер операция жасанды қанайналым аппаратының көмегімен жүргізілсе, оның ұзақтығы артады. Себебі отаның кезеңдері көбейеді. Ал жүрек жұмыс істеп тұрған кезде жүрекке тез арада қолжетімділікті тауып, операция жасау керек.
РКС: Өңірдің кардиологиялық қызметі хирургиялық емдеудің жаңа әдістерін белсенді түрде енгізіп келеді. Негізгі бағыттың бірі ақмолалық мамандар меңгерген аз инвазивті араласулар. Қазір кей операциялар сан артериясы арқылы, үлкен тіліктер жасамай жүргізіледі. Мұндай тәсіл хирургиялық араласудың жарақаттылығын азайтып, науқастың оңалу кезеңін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ