Негізгі Жаңалықтар «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталды

«Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталды


ДИКТОР: Елімізде «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталды. Оның ұзақтығы алты ай. 2026 жылдың қыркүйегінен басталып 2027 жылдың наурыз айына дейін жалғасатын жобаға мектеп, колледж, университет, педагогтер, отбасылар, зияткерлер мен мемлекеттік қызметшілер қатыса алады. Өңір жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табысталады. Ал бас жүлдеге ие болған үздік 10 оқырманға 10 млн. теңге берілетін болады.  

 .

РКС: «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны — бұл Қазақстан азаматтары арасында тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни және аналитикалық ойлауды дамытуға бағытталған ең ауқымды зияткерлік-ағартушылық жоба. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру шаралары туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

СНХ ЖАНАР ЖҮНІСОВА, «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ӨҢІРЛІК КЕҢСЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бүгінгі күнге дейін 33 мың халық тіркелді. Бұл жерде тіркелу жеті бағыт бойынша жүріп жатыр. Кітап оқитын мектеп, кітап оқитын педагог, кітап оқитын колледж, кітап оқитын университет, кітап оқитын зияткер, кітап оқитын әулет, кітап оқитын мемлекеттік қызметші. Марафонға қатысам деушілер тіркеледі бірінші рет,әр бағыт бойынша кітаптардың тізімдері бөлек, бір бағытқа 15 кітап беріледі. Оны жүйе жаңартып отырады, бірақ сайтта ол 15 кітап түгел берілмейді.

РКС: Көкшетау қаласының тұрғыны Ғалым Мұсатай жастайынан кітапты өзіне серік етіп келеді. Қалалық кітапхананың қорындағы түрлі бағыттағы шығармаларды оқып жүргеніне 20 жылдан асты. Ал, кітапхананың тұрақты оқырманы Хамит Ұжаров болса, рухани қазына көзіне жастарды қызықтыратын «Кітап оқитын ұлт» жобасына қолдау білдіретінін айтты. 

СНХ: ҒАЛЫМ МҰСАТАЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Асанәлі Әшімовтың 7 томдығын, Сәбит Оразбаевтың екі томдығын оқыдым. Оларды он күннің ішінде. Мен жақсы сөз іздеп оқимын. Кездескен жақсы сөздерді жазып алам. 

РКС: Жанель, Айдана және Жансая қолы қалт еткенде кітапханадан табылады. Соңғы шыққан туындыларды да қарап жүріп оқиды.Қазақтың классик жазушыларының шығармалары адамның қиялын өсіріп, ой-өрісін кеңейтеді дейді. Үш қыз да ұлтты кітап оқуға ұйыстырып отырған жобаға қатысып жатыр. 

СНХ: ЖАНЕЛЬ РЫСТИНА, СТУДЕНТ: Кітап оқу менің дүниетанымыма, адамдарды, өмірді қабылдауыма түрлі әсер етті. Өз ойымды сауатты жеткізу, сөздік қорымды байыту сияқты мүмкіндіктерді алып отырамын.

СНХ: АЙДАНА САНАҚ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ: Мемлекеттік қызметкер ретінде қазіргі таңда болып жатқан «Кітап оқитын ұлт» марафонына белсенді қатысып жатырмын. Сол марафонның аясында бірнеше шығармалармен таныстым. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасы мен Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» шығармасы. 

СНХ: ЖАНСАЯ ҚАЛМҰРЗАЕВА, СТУДЕНТ: Мен әдеби кітаптарды оқығанда жақсы көремін. Соның ішінде Дулат Исабековтың кітаптары,Қалихан Ысқақтың шығармаларын оқығанды өте жақсы көремін және «Кітап оқитын колледж» марафонына қатысып жатырмын.

РКС: «Кітап оқитын ұлт» жобасының қаржысы да қомақты. Өңірлік деңгейдегі жеңімпаздарға 1-ші орынға 600 мың теңге, 2-ші орынға 450 мың теңге, 3-ші орынға 300 мың теңге беріледі. Еліміздің барлық 20 өңірінен іріктелген 200 финалист Астанада бас қосып, қорытынды сыннан өтеді. Нәтижесінде анықталған еліміздің «Үздік 10 оқырманы» атанғандарға 10 миллион теңгенің бас жүлдесі беріледі. 

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу