ДИКТОР: Биылғы егіннің бұзылмай, сақталуына тек элеваторлар жауапты емес. Ақмола облысында шаруа қожалықтарында 3 миллион тоннаға жуық астық сақтайтын қойма бар. Кептіргіштерге жүктемені азайту үшін кейбір компаниялар баламалы технологияларды пайдаланады. Мысалы, Бұланды ауданына қарасты «Журавлевка-1» серіктестігі жеңге ұқсас арнайы қапшықтарға 60 мың тонна бидай салуды жоспарлап отыр.

РКС: Қожалық биыл 100 мың гектардан астам алқапқа дән сіңірген. Оның басым бөлігі бұршақ пен майлы дақыл. Құбылмалы ауа райына қарамастан, бидайдың шығымдылығы жоғары. Сортына және жинау мерзіміне қарай үшінші және төртінші класты дәнді дақыл. Олар жақын элеваторға немесе жекеменшік қоймаларға жеткізілуде. Шаруашылық 7 жылдан бері герметикалық шлангтарды пайдаланып келеді. Бұл астықты 6 айға дейін сақтауға қауқарлы. Бір полиэтиленді қапшыққа 200 тонна сыяды.

СНХ: ЕРЛАН ТОҚАНОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ: Біз бидайды алдымен жеңге ұқсас арнайы қапшыққа салып, кейін өңдейміз. Өйткені, бастапқы бетте бидай өте ылғалды болды. Көліктің жетіспеушілігі салдарынан астық элеваторға уақытылы жеткізілмеді. Дер кезінде кептіруге уақытымыз болмады. Сондықтан, осындай шешімге келдік. Есесіне бидайды бүлдіріп алмаймыз.

РКС: Капитоновка ауылындағы астық шаруашылығына тәулігіне 3 мың тоннаға жуық астық жеткізіледі. Ол газ және зығыр сабанмен жұмыс істейтін екі қондырғыда кептіріледі. Ылғалдылық деңгейі жоғары, сондықтан кептіргіштер тәулік бойы жұмыс істеп тұр.

СНХ: ЕРЛАН ТОҚАНОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ: Біз бидайды 16-18 проценттік ылғалмен қабылдап жатырмыз. Мүмкіндігінше 18 проценттік ылғалмен қаптарға салуға тырысамыз. Ал ылғалдылығы одан жоғары болса, онда біз оны кептіргіште 16 процентке дейін жеткізіп кептіреміз. Толықтай кептірмейміз, өйткені ол ұзақ уақыт алады. Сондықтан сәл кептіріп, бірден жеңге ұқсас қапшыққа саламыз.

РКС: Өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін серіктестік ауа райының қолайлы әр сәтін ұтымды пайдалана отырып, бар күш-жігерін егінді төкпей-шашпай жинап алуға жұмсауда. Жеңді толтыру үшін екі ауысымда жұмыс жүріп жатыр. Әр 10 минут сайын 40 тонна астық жеткізіледі.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕУБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ