ДИКТОР: Елімізде 11 жастан асқан қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы екпе егіле бастады. Бұл жеткіншіктердің жатыр мойны обырының алдын алу үшін жасалып отырған шара.

РКС: Адам папиллома вирусы - теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы. Оның 200-ден астам түрі бар. Соның ішінде, 14 түрі қатерлі ісіктің дамуына ықпал етуі мүмкін. Қазіргі таңда адам папилломасы вирусының емдеу жолы жоқ. Алдын алудың бірден бір әдісі - вакцинация.


СНХ: ГҮЛНӘР БАЛТАШЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР ЕМХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: Адам папилломасы вирусы жатыр мойны обырын туғызатын вирус екені дәлелденген. Бұл дерт барлық онкологиялық аурулардың ішінде, сүт безі қатерлі ісігінің таралуы бойынша екінші орында. Сондықтан біздің мақсатымыз-болашақ ұрпағымызды, қыздарымызды осы дерттен сақтап қалу. Қатерлі ісіктің кем дегенде осы бір түрінен болса да, жас қыздардың өмірін қорғауға мүмкіндік бар. Адам папиллома вирусы ауа тамшылары, сілекей арқылы берілмейді. Адамның терісі зақымданған жағдайда қол алысу арқылы жұғуы мүмкін. Сондай-ақ су арқылы да жұқтыруып алуға да болады. Яғни, сауна, монша, бассейн секілді қоғамдық орындарға барған кезде сақ болған жөн. Егер баланың иммунитеті төмен болса, онда адам папиллома вирусын жұқтырып алу әбден мүмкін.

STAND-UP:ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина – жатыр мойны обырының алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан екпе міндетті Ұлттық вакцинация күнтізбесіне енгізілді. Бұл өзгеріс онкологиялық аурулардың, сондай-ақ, жатыр мойны обырының асқынуына байланысты енгізілді.

СНХ: ЖҰЛДЫЗ ӘЛПІЛАМ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жатыр мойнының қатерлі ісігі ол Қазақстанда әйелдердің онкологиялық ауруларының ішінде екінші орын алып отыр бүгінде. Жыл сайын Қазақстанда 1800-ге тарта әйелдерге осы диагноз қойылады. Ал 600 әйел осы дерттен қайтыс болады екен. Қазақстанда арнайы скринингтік бағдарлама бойынша 30 жастан 70 жасқа дейінгі Қазақстан әйелдері әр 4 жыл сайын скрининг тапсыру арқылы жатыр мойын қатерлі ісігі бар ма немесе ісік алды аурулар бар ма әр түрлі патология бар ма, соларды анықтай алады. Жыл басынан бері жаңағы скринингті анықтау уақытында 164-тен астам әйелде жанағы әртүрлі қатерлі ісіктің алдындағы, жаңағы предрак дейміз, сондай паталогия пайда болған әйелдерде. Папиллома вирусын жұқтырған әйелдеріміз жыл сайын, жылына бірнеше рет , жаңағы онкоцитология дейміз, ПАП-тест дейміз, сондай тесттерді өту қажет. Бұдан кейін жыл сайын кольпоскопия өту қажет.

РКС: Айта кетейік, адам папилломасы вирусына қарсы вакцина Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан елдерін қоса алғанда, әлемнің 135 мемлекетінде қолданылады. Қазақстанда егілетін «Гардасил» препараты АҚШ-та өндірілген. Екпе ата-аналардың рұқсатымен ерікті түрде тіркелген мекенжай бойынша жүргізіледі. Вакцина екі компоненттен тұрады, яғни бірінші екпе егілгеннен кейін екінші доза 6 айдан соң қойылады. Қалалық емханада вакцинация науқаны басталғалы 12 жасөспірім екпе алған.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ