ДИКТОР: Көктемгі су тасқыны Ақмола өңірін біраз әбігерге салды. Салдарынан біраз үйге су кіріп, баспанамен бірге мүліктер де жарамсыз болып қалды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ақмолалықтар бірігіп, бір-біріне қолдау көрсете білді. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жаңа баспанаға көшірілді. Ал, жарамсыз деп танылған мүліктерге арнайы өтемақы төленді. Алдағы уақытта мұндай оқиғаға тап болмас үшін облыс әкімі Марат Ахметжанов жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырма жүктеген еді. Бүгінгі күнге дейін қандай жұмыс атқарылды? Жүктелген міндет орындалды ма? Бүгін осы мәсле облыстық әкімдікте өткен жиында қаралды. Бейнематериалға назар аударыңыздар.
РКС: Апат айтып келмейді. Десе де, дамыған заманда тіпті келер қыстың қандай болатынын "Қазгидромет" мамандары біліп отырады. Бірақ, біз апаттың алдын алғаннан гөрі, салдарымен күрескенді жөн санаймыз. Осыған орай, бүгін облыс орталығында әкімшілік отырыс өтті. Онда 2 мәселе көтерілді. Соның бірі көктемгі су тасқыны. Биылғы жауын - шашынды ескерсек, келер жылы су тасқыны қайталануы мүмкін. Өйткені, топырақта ылғал көп. Ал, су тасқынына қарсы техникалық құралдарының 70 процентінің тозығы жеткен. Сондықтан, қыс түспей, жұмыстарды аяқтау қажет.
СНХ: ҚАНАТ ДОСПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Келер жылы да су тасқыны болуы мүмкін. Себебі, күзде ылғалдылық жоғары болады деген болжам бар. Далада шөп қалың әрі биік. Мұның бәрі кері әсер етеді. Биылғы жылы орын алған жағдайды ескере отырып, бірқатар кешенді іс-шара әзірленді. Тиісті жұмыстар орындалмаса, онда келер жылы су тасқыны өте қиын жағдайда өтуі ықтимал.
РКС: Естеріңізге сала кетейік, көктемгі су тасқыны кезінде Қылшақты, Жабай және Есіл өзендері арнасынан асып, көпірлер мен жолдар қирады. Қазір өзендер мен су қоймаларын тазарту жұмыстары қолға алынған.
СНХ: ДЖАННЕТ МИКИШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Көкшетау қаласында өзендерді тазарту жұмысы 5-ші тамызда басталды. Оған 403 млн.теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір Ғабдуллин көшесінен Әшімов көшесіне дейін жұмыс жүріп жатыр. Көлемі 300 мың текше метр, ұзындығы 3 метрге жуық. Сондай-ақ, "Асар" қорының көмегімен Атбасар ауданындағы Жабай өзенін де тазартып жатырмыз. Қор 27 миллион теңге бөлді. Оған арнайы тазарту снарядын сатып алдық. Жұмыс тамыз айында басталды. Айта кетейін, Жабай өзенінің арнасы соңғы рет 1978-1979 жылдары тазартылыпты. Сонымен қатар, Талапкер ауылындағы бөгеттіде нығайту жұмыстары да аяқталуға жақын.
РКС: Облыс аумағында жылу беру маусымын ойдағыдай өткізу үшін 39,9 млрд.теңге бөлінді. Тозығы жеткен жылу жүйелері жыл сайын жөнделеді. Бір қарағанда бәрі ойдағыдай сияқты. Бірақ, былтыр Бурабай ауданы мен Степногорск қаласының тұрғындары қақаған аязда жылусыз қалып қойды. Мұны ескерген аймақ басшысы жылудың үздіксіз берілуін қатаң бақылауды тапсырды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Жиын соңында өңір басшысы Марат Ахметжанов жауапты сала мамандарына және аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма беріп, уақытты созбауды ескертті. Сондай-ақ, отырыс барысында ертең облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында өтетін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жәрмеңкесі өтетіні айтылды. Бұл жолғы жәрмеңкенің бір ерекшелігі Тәжікстаннан жеткізілген 300 тонна өнім ұсынылады. Аймақ басшысы полиция департаментіне қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ