ДИКТОР: Көкшетаудағы Қажымұқан спорт кешенінде жасөспірімдер арасында кәсіпқой бокстан Ақмола облысының іріктеу турнирі өтті. Өңіріміздің бірнеше аймағынан келген өрендер шаршы алаңда шеберлік көрсетіп, күштілері жеңіске жетті.

РКС: Жарыстың ашылу салтанаты кәсіпқой бокстың ережелеріне сай өтті. Көкшетауда тұңғыш рет ұйымдастырылған жарысқа 7 боксшы қатысты. Олар әуесқойлар арасында сан мәрте жеңіске жеткен боксшылар болатын.

СТЕНДАП: ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ТІЛШІ: Кәсіпқой бокстың өз ерекшеліктері бар. Жасөспірімдер шаршы алаңда шоу көрсетуге мүмкіндік алады. Өзге де техникалық сәттерін қолдануға болады.

РКС: Көкшетау қаласының іргесіндегі боксшылар ауылы атанып кеткен Қызылтаңнан қанат қаққан Қорғанбек Балтин бүгіндері Степногорск қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқып жүр. Ол кәсіпқой боксқа тұңғыш рет қатысып, 46 келі салмақта жеңімпаз атанды.

СНХ: ҚОРҒАНБЕК БАЛТИН, ТУРНИР ЧЕМПИОНЫ: Мен Қызылтаң ауылында әуесқой бокспен бастауыш сыныптан бастап дайындалдым. Бірнеше рет облыс чемпионы атандым. Бүгінгі таңда Степногорск қаласындағы спорт мектеп-интернатында жаттығуымды одан әрі жалғастырудамын. Кәсіпқой бокстың қырлары мен сырлары көп. Төрт раунд бойы тоқтамай айқасу керек. Ол үшін физикалық күш қажет. Щучинскі қаласынан келген қарсыласым Дияс Маратов өте мықты бала. Оны ұпай санымен жеңдім.

РКС: Тұсауы кесілген кәсіпқой бокстың болашақта бұқаралық сипатқа ие болары хақ. Осы турнирде жеңіске жеткен спортшылар алдағы айда Қосшы қаласында өтетін «Солтүстік» дивизионның іріктеу жарысына қатысады.

СНХ: БАУЫРЖАН СЕРІК, «ҚАЗАҚСТАН КӘСІПҚОЙ БОКС ФЕДЕРАЦИЯСЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл турнир алғаш рет біздің Ақмола облысында бүкіләлемдік WBS боксшылар кеңесінің аясында өтті. Кәсіпқой бокстың барлық ережелерін, қағидаларын қатаң сақтадық. Жасөспірімдердің қызығушылығы қуантты. Енді ғана дамып келе жатқан кәсіпқой бокстың өтуіне спорт жанашырлары Дмитрий Инютин, Нұрлан Сайдалин, Аслан Төлегенов, Жандос Сайдалин және Дастан Әкімов қол ұшын созды. Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы бізді қолдап отыр. Демек, кәсіпқой бокстың Ақмола облысында бұқаралық сипат аларына сенуге болады.

РКС: Өз салмақ дәрежелері бойынша Щучинск қаласынан Ерсайын Сағынтай, Рауан Сырымов, Исмаил Батаев жеңіске жетті. Сондай-ақ, Степногорск қаласынан Станислав Ванагас және Қосшы шаhарынан Анжар Ерханов чемпион атанды. Алдағы жауапты жарыстарға іріктеліп алынған боксшылар оқу жаттығу жиынына шақырылады.

ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ