ДИКТОР: Облыстың тұрақты дамуына бағытталған жобалар ұсынып, аралық нәтижелерін көрсету үшін 10 команда немесе 120 волонтер Көкшетауда бас қосты. Олар өз ойларын ортаға салып, мақсатқа қол жеткізу үшін қандай шаралар қолдану қажеттігін айтты. Қатысушылар әкімдіктің мамандандырылған құрылымдарымен және аумақтық мемлекеттік органдармен бірлесіп ойлары мен ұсыныстарын талқылады, сонымен қатар, алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспарымен бөлісті.

РКС: Тұрақты даму мақсатының үдеткіші мамыр айында құрылған. Аталмыш шара Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстандағы даму бағдарламасының, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қоғамдық жобалық кеңсесінің және Maqsut Narikbayev University қолдауымен ұйымдастырылған. Кездесуде сөз алған ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов бастама тапсырмаларына тоқталып өтті.

СНХ: ЖАҚЫП АСАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл жерде күш-жігер, мүмкіндіктер мен волонтерлердің сонымен қатар, Maqsut Narikbayev University, облыс әкімдігінің және Парламент Сенатының бірігуі бар. Бұл дегеніміз біз үкіметті, мемлекеттік аппараттарды немесе жергілікті мемлекеттік құрылымдарды өзгертіп жібереміз деген сөз емес. біздің мақсат – азаматтық бастамаларды биліктегілердің құлағына жеткізу, оларды дұрыс бюрократтық тілде рәсімдеп әрі қарай дамуларына септесу.

РКС: Облыс әкімі Марат Ахметжанов атап өткендей, бір ғана өңірді мысалға ала отырып, волонтерлер жалпы еліміз үшін ортақ болып саналатын өте өзекті мәселелерді анықтады. Нәтижесінде, қатысушылар жұмыс жобаларын ұсынды.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Президент қойып отыр ғой, қағазға емес, адамға бағытталған модельге көшіңіздер деп. Өйткені, өкінішке қарай, жаңағыдай 2-3 есе жоспарларыңыз өсіп жатса, пайыздар өсіп жатқанымен, халық оның нәтижесін көрмейді, сезбейді. Сондықтан да, осы шешімдер, дайын шешімдер деп отырмыз ғой мемлекеттік органдар қабылдайтын дайын шешімдер, халықтың өмірін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын күрт өзгерту керек.

РКС: Қатысушылардың барлығы жобалармен танысып, өзара пікір алмасты. Сондай-ақ, өңірлік бағдарламалар мен бастамаларды жақсарту жолындағы ұсыныстарын ортаға салды.

СНХ: ӘЛТАЙЫР АХМЕТОВ, «MIND» ҚОЛДАНБАЛЫ ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ТАЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Сарапшылар қысқа мерзім ішінде қандай да бір мәселенің шешу жолын тапса және сол шешім 100 күн ішінде жұмыс істесе акселератор деген осы. Мәселен 1-мамыр іске қосылған акселатор тамыз айының басында аяқталады. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша заңнамаға нақты өзгертулер енгізіледі.

РКС: Бұған дейін біздің өңір үшін тұрақты дамудың 5 мақсаты анықталған болатын. Олар «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», «Сапалы білім», «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу», «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» және «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» деп аталады.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ