ДИКТОР: Облыс әкімі Марат Ахметжанов Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі жанынан құрылған «Айбын» әскери-патриоттық клубының мүшелерін қабылдады. Аталмыш клуб Алматыда өткен «Айбын - 2024» оныншы халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысып, бірінші орынды қанжығалап келген еді. Облыс намысын абыроймен қорғаған студенттерге аймақ басшысы ризашылығын жеткізді.

РКС: Жас патриоттардың халықаралық жиыны Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған. Жерлестеріміз өздері сияқты студенттерден құралған бірнеше топты шаң қаптырып, бірінші орынды иеленді. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов облыс намысын абыроймен қорғай білген айбындықтарға алғысын жеткізді.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Өткенде мен Щучинск қаласына барғанда көрдім дайындықтарыңызды. Сол кезде сіздерге сендім. Бізге үлкен абырой болды сіздердің сол жерде топты жарып, бірінші болғандарыңыз. Сіздердің басшылықтарыңызға, дайындаған, сіздермен жаттығу жасаған азаматтарға алғысымды айтқым келеді.

РКС: Жерлестеріміздің еңбегін ескеріп, ризашылығын білдірген Марат Ахметжанов бақ шабу үшін де дайындық мықты болу керек деп, әскери-патриоттық клуб мүшелерінің мықтап дайындалғандарын атап өтті. Халықаралық деңгейде облыстың намысын қорғап, атын шығарған Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ұжымына 5 миллион теңгенің ақшалай сертификатын табыстады.

СНХ: НҰРТАС АХАТ, ЖАНАЙДАР МУСИН АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Болашақта елдің рухын көтеретін жастарды тәрбиелеуге біз ат салысып жатырмыз. Осылай кішкентай ғана болса да, біздің жетістігімізді жоғары бағалап, мәртебемізді көтеріп марапаттап жатқаныңызға зор алғысымды білдіремін.

РКС: Жеңіске деген ерік жігері үшін колледж педагогы, «Айбын» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Тілектес Жабағинға Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығы төсбелгісі мен облыс әкімінің Алғыс хаты берілді. Жастардың әскери патриоттық тәрбиесіне ат салысып жүрген тағы бірнеше педагог пен белсенді студент облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ