ДИКТОР: Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Төртінші билік өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Ол өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің мемлекеттік саясатты халыққа жеткізудегі рөлінің зор екендігін атап өтті.
РКС: Кәсіби мереке қарсаңында БАҚ өкілдерін құттықтап, сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында орын алатын бірнеше өзекті мәселелерге тоқталды. Айталық, жемқорлық, лудомания, нашақорлық пен құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм мен ысырапшылдықтан алшақ болу тұтас қоғамның міндетіне айналуы тиіс. Әрине, бұл ретте, тағы да, журналистердің атқарар жұмысы зор.
СНХ: БАҚЫТ СМАҒҰЛ, ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Жастардың арасында әлі де болса, өз еліне, өз мемлекетіне деген сүйіспеншілік сезімді қалыптастыру мәселесінде мен ойлаймын тәрбиелік жұмыстар, танымдық жұмыстардың жетіспей жатқаны анық. Қазір мына қоғамдағы, әсіресе, мынау құмар ойынға еліктеу, бастыстың мәдениетіне еліктеу сияқты мәселелер де кең белең алып барады. Соған осы Президекнтті айтуымен өткір сөз айтатын журналистер осы мәселеден қалыс қалмауы керек.
РКС: Мемлекет пен журналистің мақсат-мұраты – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Ал, оны кемеңгер көсемдер, аңыздағы қаһармандар емес, қарапайым еңбеккерлер мен адал азаматтар құрады,-деді Президент. Ақмолалықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірімен келісетіндерін жеткізуде.
СНХ: СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Әділ Қазақстанды құру жолындағы реформалардың бәрі одан әрі жалғаса береді. Соған күш біріктірейік деген пікір айтты. Елімізде жақсы істер жоқ емес, сол жақсылықтарды көбірек айтайық. Кем-кетікті тере бермейік деген сияқты мәселені айтты. Мемлекет басшысы айтқандай міндетіміз ортақ, қызметіміз ортақ. Әрі қарай да шеберлігімізді шыңдап еңбек ете берейік деген ойдамын.
РКС: Жалпы, мемлекеттік саясатты насихаттап, қараша халыққа жеткізуде төртінші билік өкілдерінің рөлі зор. Әрине, басты мақсат халық пен билік арасында алтын көпір болу.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ