ДИКТОР: Облыс әкімінің қабылдауына келген азаматтарды негізінен тұрғын үй, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласындағы мәселелер алаңдатады. Абаттандыруға қатысты да сауал көп. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов азаматтарды қабылдауда көтерілген мәселелердің бәрін мұқият тыңдап, оны шешуге қатысты жауапты мамандарға нақты тапсырма берді.

РКС: Облыс әкімінің қабылдауына келгендердің арасында шалғайда жатқан Степногорск шаһарының тұрғындары да бар. Олар өздері тұратын қаланың жағдайына бей-жай қарай алмайды. Тұрғындарды білім беру ұйымының маңындағы жол мәселесі, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, оны төсеу, көшелерді жарықпен қамту, көлік қатынасы мен балалар алаңдарына қатысты мәселе алаңдатады.

СНХ: РОЗА АРЫСТАНОВА, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 6-шы шағын аудандағы алтыншы үйден мектепке баратын жол өтеді. Қазір ол жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Әкімшілікте қаржы жоқ. Осы мәселеге қатысты қолдау көрсетуіңізді өтініп келіп отырмын. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін жол асфальтталса екен деген тілегіміз бар. Жолдың сол жағынан шағын болса да жаяу жүргінші жолы салынса дейміз.

РКС: Степногорск қаласының тұрғыны Артем Сочнев облыс әкіміне шаһарды абаттандыруға қатысты мәселені көтерді. Бұдан бөлек, Заводской поселкесіндегі мәдени-спорттық кешеннің құрылысына бөлінетін қаржы туралы да сұрақ қойды. Бүгінде бұл елдімекенде 3,5 мыңнан астам адам тұрады. Экология мәселесіне де қатысты сан сауалмен келіпті.

СНХ: АРТЕМ СОЧНЕВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Түтін мұржа арқылы емес, цех арқылы өтеді. Яғни бәрі ауаға тарап жатыр. Прокуратураға тексеру үшін шағым түсірдім. Осы жағын жан-жақты тексертуге қатысты сізден қолдау күтемін.

РКС: Аймақ басшысы азаматтарды қабылдауда көтерілген мәселелерді шешуге қатысты жауапты мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сонымен бірге оны қатаң бақылауда ұстау қажеттігін де ескертті.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ