ДИКТОР: Көкшетау қаласының 10 жастағы тұрғыны Артур Гаитов сәуір айында өзінің бауырын ажалдан құтқарып қалды. Жекеменшік сектордағы үйден шыққан өрттен 11 айлық бауыры Эмильді аман алып шыққан. Кішкентай батырдың ерлігі ескеріліп, төтенше жағдайлар Министрлігі Артурды «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медаліне лайық деп таныған. Бүгін облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінде салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

ИНТЕРШУМ:

РКС: 10 жастағы Артурдың ерлігіне ел тамсанды. Інісімен үйде отырған сәтінде өрт басталғанын көреді. Еш саспастан, сабырлық сақтап, бірден өрт сөндірушілерге хабарлаған. Аяғындағы жарақаттың салдарынан өзі де үй ішінде балдақпен жүрген. Соған қарамастан, інісін қызыл жалыннан аман алып қалды.

СНХ: АРТУР ГАИТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Өрт басталған уақытта менің 2 мақсатым болды. Біреуі үйдегі тоқты өшіру, ал екіншісі үйден шығу. Үйде теледидар көріп отыр едім, інім қасымда ойнап отырған кезде бір дыбысты естідім. Барып қараған уақытта өрттің басталғанын көрдім. Інімді алып, үйдегі тоқты сөндіріп, терезеден шығып кеттім. Өрт сөндірушілер тез арада келіп жетті. Үйде ешкім жоғын айтып, өрттің қай жерден басталғанын көрсеттім. Қалай болғанда да інімді аман алып қалуды ойладым. Өскенде құтқарушы болғым келеді.

СНХ: АНАСТАСИЯ ГАИТОВА, АНАСЫ: Балалар жер үйде жиі жалғыз қалады. Оларға әрқашан қауіп-қатер болып қалған жағдайда үйге алаңдамай, үйден шығуларын және бізге хабарлауын айтамыз. Мұндай жағдай орын алады деп мүлдем ойлаған жоқпыз. Біздің айтқан кеңестерімізді тыңдап, Артур дұрыс іс-әрекет жасады. Ең бастысы, қазір балалар аман есен. Оларға тоқты өшіріп отыруды ұдайы айтып отырамыз. Артур болашақта құтқарушы болуды армандайды. Таңдауына ризамыз, қашан да қолдауға дайынбыз.

РКС: Болашақ құтқарушыны төтенше жағдайлар Министрлігінің атынан облыстық департамент басшылығы «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапаттады.

СНХ: ЕРБОЛАТ ӘШКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Бүгін Артур есімді батырымызға Қазақстан Республикасы Төтенше Жағдайлар Министрінің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды. Нағыз құтқарушы ретінде өзін үрейге бой алдырмай өзін және өзінің інісін өрттен аман есен алып шықты.

РКС: Артурдың бала арманы асқақ. Ол мақсатына жету үшін білім мен спортты қатар ұштастырып, болашақ мамандығын меңгеруге қазірден бастап машықтануда.

САБИНА ЖӘМШИТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ