ДИКТОР: Көктемгі су тасқыны кезінде Көкшетаудағы "Ертөстік" балабақшасына да су кіріп кеткен еді. Мектепке дейінгі мекемеге бірден күрделі жөндеу жұмысы басталған. Жауын-шашынның салдарынан ғимараттың қабырғасы мен едені кеппей, жөндеу жұмыстары аяқталмай жатыр.
РКС: "Ертөстік" балабақшасын қайта қалпына келтіру жұмыстары сәуірдің 25-де басталып, мамырдың 25-де аяқталуы керек еді. Мердігер компания басшысының айтуынша, құрылыс материалдары жеткілікті, құрылысшылар да бар. Тек соңғы күндердегі толассыз жауынның салдарынан ғимараттың маңына жиналған су жөндеудің аяқталуына кедергі болып тұр.
СНХ: ТАТЬЯНА ЕРЖАНОВА, "ЕРТӨСТІК" БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Бұл жердегі мәселе бала бақшаның еден мен қабырғасындағы ылғал кеппей жатыр. Керісінше көгеріп, сылағы қайта қайта құлауда. Ғимараттың есік терезелері 24 сағат ашық тұрады. Желдетеміз, кептіреміз, әзір нәтиже жоқ. Күн ашылмай, ғимарат іші кеппейтіні анық.
РКС: Мердігер компания басшысының айтуынша жөндеу жұмыстары 80 процентке аяқталған.
СНХ: ЕРКЕШ СӘБДИН, МЕРДІГЕР: Ауланы абаттандыру жұмыстары аяқталды, асфальт төселді. Тек ішкі жұмыстарын аяқтай алмай жатырмыз. Қабырғаның көгерген тұстарын үш рет түсіріп қайта тегістеді. Нәтиже жоқ. Ғимарат төмен орналасқан. Маңына үнемі су жиналады./
РКС: Жөндеу жұмыстарының аяқталуын ата-аналар да тағатсыздана күтіп жүр. Өйткені "Ертөстік" вокзал маңындағы жалғыз балабақша. Мектепке дейінгі мекеме бүлдіршіндері сәуір айынан бері үйлерінде отыр.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ