ДИКТОР: Ақмола облысы Атбасар қаласында тасқын судан зардап шеккен тұрғындар үшін 100 пәтерлі үй салынып жатыр. Жауаптылардың мәліметінше, құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда жаңа баспананың қабырғасы қалануда. Жақын арада тұрғын үйге су, жарық, жылу желілері де тартыла бастайды. Толығырақ әріптесім Ұмсындық Наурызбаева баяндайды.

ШУМ:

РКС: Атбасар қаласының тұрғыны Олжас Сүлейменовтың үйі осыдан бірер ай бұрын апатты деп танылған. Жалғыз баспанасының іргетасы отырып, қабырғасы жарылып кетіпті. Іштегі ылғал да әлі күнге дейін кеппеген. Иісі қолқаны қабады. Сондықтан ол қазір отбасымен бірге пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

СНХ: ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ, АТБАСАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Су деңгейі осы жерге дейін келді. Саман үйіміз. Қабырғасын жеп-жеп қойды. Шамалы сылай бастағанбыз. Бірақ мұнда тұруға өте қиын болып кетті. Жақын арада үй құрылысы бітеді, пәтер береміз деп отыр ғой. Сол күнді асыға күтіп отырмыз.

ШУМ:

РКС: Қала шетінен бой көтерген тұрғын үйдің құрылысы осыдан бір ай бұрын басталды. Құрылысшылар екі ауысыммен тынымсыз жұмыс істеуде. Аз уақыт ішінде баспананың іргетасы құйылды. Енді қабырғасы көтеріліп жатыр.

СНХ: ЕРЖАН ШӘМЕЛОВ, ҚҰРЫЛЫСШЫ: Төрт бригада жұмыс істеп жатыр. Таңғы сегізден кешкі тоғызға дейін. Жеткілікті материал. Күнде келіп жатыр материал. Жұмысшылар саны жеткілікті.

РКС: Қазір қалада тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін тағы да екі тұрғын үй салынып жатыр. Құрылысы осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Енді бірер айда ел игілігіне берілуі тиіс.

STAND-UP:ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, ТІЛШІ: Ал 200 пәтерлі мына екі тұрғын үй Жабай өзеніне жақын, яғни, қауіпті аймақта тұратын тұрғындарға беріледі. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жауаптылар жыл сайын тасқыннан зардап шегетін халық тамыз айында осы үйлерге қоныстанады деп отыр.

РКС: Жалпы Атбасар ауданында су кірген 377 үйдің 203-і тұруға жарамсыз. Қалған 173 баспананы қалпына келтіруге болады. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге алдағы уақытта бюджеттен 178 миллион теңге бөлінбек. Ал үйлері апатты деп танылған тұрғындарға қазір жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.

СНХ: АМАНБЕК ҚАЛЖАНОВ, АТБАСАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Қаланың ішінде кеткендерге 38 пәтер алынды. Өйткені, олардың тұратын үйлері болмады. Оларды түгел көшіріп болдық. Енді мүмкіндігі бар күзге дейін күте алатындарға мынау салынып жатқан үшінші жүз пәтерлі үйден отыз сегіз үйге соларды көшіреміз деген жоспарымыз бар.

РКС: Жалпы аймақта тасқыннан зардап шеккен 371 отбасы жүз айлық есептік көрсеткіштегі біржолғы әлеуметтік төлем алды. Оларға 138 миллион теңгеден астам қаражат төленді.

ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ