ДИКТОР: Облыстағы балалардың 13 процентке жуығы әлеуметтік осал топқа жатады. Білім беру құрылымдары олардың бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін белсенді жұмыс атқарады. Мектеп оқушылары спорттық және мәдени шараларға белсенді ат салысады. Ал, демалыс уақытында балалардың сауықтыру лагерьлерінде демалуларына көп көңіл бөлінеді. Жаз бойы қала сыртындағы лагерьлерде 14 мыңнан астам оқушы демалса, соның 1600-і тегін демалады.

РКС: Ақкөл ауданында «Рассвет» балалар сауықтыру лагері бар. Маусымдық мекеме арнайы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларға қолдау білдіретін орталық қарамағында жұмыс істейді. Әр жаз сайын бұл жерде екі айда жүз шақты бала демалады. Оларға күніне алты мезгіл тамақ беріледі.

СНХ: АННА ДОСМҰХАМБЕТОВА, «РАССВЕТ» БАЛАЛАР САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІНІҢ БАСШЫСЫ: Бізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, арнайы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балалар демалады. Олар екі мекемеден келеді. Біреуі балаларды қолдау орталығы, екіншісі Урюпинка ауылындағы арнайы кешен. Балалардың жастары әртүрлі. Сондықтан, бағдарлама да түрлі жастағы балаларға арналған. Бір жасақта 19 демалушы бар. Ол 3 және 6 жас арылығындағы бүлдіршіндер. Олар үшін басқа бағдарлама қарастырылған. Ойын-сауық, спорттық шаралардан бөлек спорт және тіл үйірмелері, сәндік-қолтаңбалы өнер бар.

РКС: Орталықтың 65 қызметкері балалардың белсенді және танымдық демалыстарын қамтиды. Сауықтыру орталығының ерекшелігі – бұл жерде бассейн бар. Демалушы Күнсұлу Гончарова осында келіп суда жүзуді үйреніпті.

СНХ: КҮНСҰЛУ ГОНЧАРОВА, «РАССВЕТ» БАЛАЛАР САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІНДЕ ДЕМАЛУШЫ: Мен сегізінші сыныпқа көштім. Біз лагерьде волейбол, футбол, баскетбол ойнаймыз. Түрлі үйірмелер де бар. Маған мұнда ұнап жатыр. Кітапханаға барып кітап оқимыз, тіл үйірмесіне қатысамыз. Ал, бассейнге түскенде тіпті рахаттанамыз.

РКС: Ақкөл ауданы балаларының демалысын ұйымдастыруға жалпы білім қорынан 4 миллион 600 мың теңге бөлінген. Бұл қаражат жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың сауығуына жұмсалады. Ал, білім саласы қызметкерлерінің балаларына сауықтыру лагерьлеріне жолдама алу үшін кәсіподақ ұйымы қорынан 920 мың теңге бөлінген.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ