ДИКТОР: Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне биыл 70 жыл. Ел мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан оқу орны – бүгінде еліміздегі беделді әрі таңдаулы білім беру мекемелерінің бірі. Айтулы датаға орай өнер ордасы салтанатты жиын ұйымдастырды. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Алғашында шағын ғана кітапхана ретінде 1955 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен құрылған бұл оқу орны уақыт өте келе кәсіби мәдениет мамандарын даярлайтын маңызды орталыққа айналды. Өз даму жолында бірнеше мәрте атауын өзгерткен білім ұясы – 1981 жылы мәдени-ағарту училищесіне, ал 1991 жылы ұлы ақын, композитор Ақан серінің Қорамсаұлының есімімен аталды. 2018 жылы жоғары мәдениет колледжі мәртебесі берілді. Бүгінде бұл оқу орны өнер мен мәдениеттің заманауи талаптарына сай келетін кадрларды даярлайтын жетекші орталыққа айналған.

СНХ: АЙНАГҮЛ БАЛТАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бүгінгі колледждің мерейлі 70 жылдығы құтты болсын! Әрине, осыны жетелеп әкеле жатқан ол ұжымның үлкен еңбегі. Сондықтан да барлық педагогтарға үлкен алғысымызды білдіреміз, шығармашылық жеңістер тілейміз.

РКС: Колледж түлектерінің қатарында бүгінде өнер ұжымдары мен мәдениет мекемелерінде табысты еңбек етіп жүрген талантты мамандар да аз емес.

СНХ: ТӨЛЕГЕН АМАН, АҚАН СЕРІ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Осы мерейтоймен барлық ұжымды, ұстаздарды, шәкірттерді құттықтаймын. Бұл колледжіміздің тек бастамасы болсын. Шәкірттеріміздің алар белестері көп болсын! Мен қазіргі колледжіміздің директоры Мұхамедияр Саян Болатұлының шәкірті болып табыламын. Оқуымды бітіргеннен кейін ұстазымның ізін жалғастырайын деп осы колледжге ұстаз болып келген жайым бар. 10 жыл ішінде шәкірт тәрбиелеп, алты Алашқа аты әйгілі Ақан сері, Біржан салдардың туындыларын халыққа паш етудеміз.

СНХ: ӨМІРЗАҚ ШЕШХАНҰЛЫ, КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕГІ: Мінекей, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің 70 жылдық мерейтойы. Үлкен ұстаздарымызға толағай табыстар тілейміз. Сол кісілердің білімінің арқасында біз бүгінгі күнде міне Көкше өнерін асқтатып жатқан жайымыз бар. Сол себепті барша Ақмола облысын осындай мерейтоймен құттықтаймыз.

СНХ: ГҮЛНӘР ҚАДЫРӘЛИЕВА, АҚАН СЕРІ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінде 400-ден астам студент білім алып жатыр. 100-ден астам түлек түлеп шығады биыл. Осындай үлкен тарихы бар колледжге әрі қарай да дарынды білім алушылар келіп, шығармашылық табыс тілеймін.

РКС: Шығармашыл жастарды қанаттандырып, талай өнерпаздың жолын ашқан білім ордасы 70 жыл бойы мәдениет пен өнердің үздік дәстүрін жалғап келеді. Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі – бұл тек білім беру мекемесі ғана емес, руханият пен өнердің киелі бесігі.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ