ДИКТОР: Раджан Шолақов — құтқарушы. Ол Көкшетау қаласында ғана емес, елден тысқары жерлерде ірі өрттерді сөндіруге және халықаралық құтқару операцияларына қатысқан. Оның табандылығы, қарапайымдылығы мен кәсібіне адалдығы көпшіліктің құрметіне бөленген. Өз қызметін өмірінің мәніне айналдырған батырдың хикаясы туралы тілші материалынан көріңіздер.

РКС: Көкшетау қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Раджан Шолақов – өз ісіне адалдығы мен мықты кәсіби шеберлігімен ерекшеленген маман. Ол Қазақстанда және одан тыс жерлерде де талай қауіпті әрі күрделі жағдайлардың алдыңғы шебінде жүріп, ерлік танытып келеді.

СНХ: РАДЖАН ШОЛАҚОВ, №2 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМШЕ КОМАНДИРІ: Колледжді аяқтаған соң, ата-анам өрт сөндіру саласына жұмысқа орналасуға кеңес берді. Ол кезде бұл мамандықтың қаншалықты қауіпті әрі жауапты екенін толық түсінген жоқпын. Бірақ уақыт өте келе біздің әр әрекетіміз біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін терең сезіндім. Қызметтегі 9 жылдың ішінде көптеген оқиғағатап болдым, түрлі төтенше жағдайларда жұмыс істедім, тәжірибе жинақталды. Көпшілік өрт сөндірушілер тек өртті сөндіреді деп ойлайды, бірақ біз апаттық-құтқару жұмыстарымен де айналысамыз, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетеміз.

РКС: Ол екі ведомстволық марапаттың иегері. 2022 жылы Қостанай облысында болған ірі өрт кезінде Раджан Шолақов ерлік көрсетіп, тұрғындарды эвакуациялауға және өрттің таралуына жол бермеуге атсалысты. 2023 жылы ол жойқын жер сілкінісінен кейін Түркияға аттанған қазақстандық құтқарушылар тобының құрамына енді. Апат аймағында жұмыс істей жүріп, Раджан үйінді астында қалған адамдарды іздеу және құтқару жұмыстарына белсене қатысты. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен марапатталған. Басшылық оны өз ісінің шебері әрі ел қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек ететін нағыз Отан қорғаушы ретінде сипаттайды.

СНХ: АБЗАЛ ШАЙЖАНОВ, №2 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Раджанмен біз 2018 жылдан бері бөлім ашылғаннан таныспыз. Ол өзін өте жауапты, тәртіпті және адал қызметкер ретінде өзін көрсетті. Әріптестері арасында үлкен құрметке ие. Қызмет барысында ол үнемі жастарға көмектесіп, өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Біздің қызметте осындай жігіттердің көбірек болғанын қалаймыз. Сенімді, кез келген сәтте қолдау көрсетуге дайын.

РКС: Қызметтен тыс уақытта Раджан Шолақов — адал жар және қамқор әке. Ол жұбайымен бірге ұлын тәрбиелеп, оның бойына жастайынан темірдей тәртіп пен Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеп өсіруде. Өмірде қарапайым және сөзінде тұрады. Ешқашан танымал болайын деп алға ұмтылған емес. Менің миссиям: "құтқару, қорғау және үйге оралу", — дейді құтқарушы.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ