ДИКТОР: Шаһардағы №8 орта мектептің базасында инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Бұл – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қоғамға бейімдеуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі. Мұнда түзету-педагогикалық көмек көрсетуге және оқушылардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне барлық жағдай жасалған. Енді балалар оқуын үзбей-ақ, қажетті мамандардың тұрақты қолдауына ала алады.
РКС: Инклюзияны қолдау кабинетінде 1–11 сынып аралығындағы 50-ге тарта оқушы білім алады. Балалардың зияткерлік және шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында сабақ барысында кинетикалық құм, Сеген тақталары және Монтессори әдістемесіне арналған арнайы оқу жиынтықтары қолданылады.
СНХ: БАҚЫТГҮЛ БОТАНОВА, №8 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Инклюзияны қолдау кабинеті 2024 жылы ашылды. Қазір мұнда тұрақты сүйемелдеумен 15 бала білім алады. Олар жалпы білім беретін сыныптарда оқып, барлық пәндерді мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес меңгереді. Сондай-ақ, қосымша психолог, логопед және дефектологтармен түзету-дамыту сабақтарына қатысады. Балалардың оқу үлгерімі үнемі бақылауда. Мамандар тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, ата-аналармен тығыз байланыс орнатқан. Ата-аналар тарапынан оң пікірлер жиі айтылады. Мониторинг қорытындысы бойынша оқушылар түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға да ие болып жүр.
РКС: Ал статистикаға сүйенсек, өңірде ерекше білім беру қажеттілігі бар 14 мыңға жуық бала бар. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Мамандар әр балаға жеке оқу бағдарламасын әзірлейді. Бастысы жұмыс жүйелі жүргізілсе, оң нәтиже болатыны анық,-дейді.
СНХ: АНГЕЛИНА БАТРАКОВА, МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ: Менің сыныбымда ерекше білім беру қажеттілігі бар екі оқушы білім алады. Біреуі жеке оқу бағдарламасы бойынша, ал екіншісі жалпы білім беру бағдарламасы негізінде сыныптағы барлық оқушылармен бірге білім алады.
Жеке бағдарлама бойынша оқитын балаға арнайы тапсырмалар мен карточкалар дайындалады. Мысалы, дыбыстарды, әріптер мен сандарды меңгеруге арналған жаттығулар беріледі. Ал жалпы бағдарлама бойынша оқитын бала сыныптағы басқа оқушылармен бірге білім алады. Мұндай жағдайда ата-аналардың негізгі өтініші - баланың әлеуметтік ортаға бейімделуі.
РКС: Мамандардан бөлек, балалармен педагог-ассистенттер де жұмыс істейді. Олар сабақ барысында оқушыларды сүйемелдеп, оқу материалын меңгеруге көмектеседі.
СНХ: ЕЛИЗАВЕТА МИНЬКОВСКАЯ, ПЕДАГОГ-АССИСТЕНТ: Педагог-ассистенттің міндеті - баланың орнына тапсырма орындау немесе тек жанында отыру емес. Баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу. Сондықтан оның әлеуметтенуіне және дағдыларды дамытуына айрықша мән береміз. Мұғаліммен, оқушымен, мамандармен және ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істейміз.
РКС: Білім берумен қатар, инклюзия – баланы қоғамға бейімдеу. Жүйелі жүргізілген жұмыстың оң нәтижесін ата-аналар да байқап отыр.
СНХ: ЕВГЕНИЯ ЦЫЦУРА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Үш жыл бұрын ұлымызды осы мектепке 1-ші сыныпқа бердік. Сол уақыттан бері инклюзия кабинетіне барады. Логопед, дефектолог және психолог мамандар жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде баламыз әлеуметтік тұрғыдан ашылып, көптеген достар тапты. Мектептің қоғамдық өміріне де белсене қатысып, түрлі шараларға араласып, қатарластарымен еркін ойнайды. Біз үшін бұл –үлкен жетістік.
РКС: Қазір өңірде 127 инклюзия кабинеті жұмыс істейді. Дегенмен, маман тапшы. Жыл сайын бұл бағытқа білім беру гранттары бөлінгенімен, логопед пен дефектолог мамандықтарын таңдаушылар некен-саяқ. Сондықтан бұл саладағы мамандарға сұраныс әлі де жоғары.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ