ДИКТОР: Күні кеше ерлер командаларының Ұлттық лига шеберлері арасында волейболдан Қазақстан Республикасының XXXIV (отыз төртінші) чемпионатының IV туры басталды. Плей-оффтың алдындағы іріктеу кезеңінде 8 құрама жарысып жатыр. Көкшетаулықтардың алғашқы ойынын тамашалауға тілшіміз Евгений Варанкин барып қайтты.

РКС: 4 күнге созылған дода наурыздың 16-нда аяқталады. Чемпионаттың алғашқы күнінің төртінші ойынын «Ұшқын-Көкшетау» Орал қаласынан келген «Жайық» командасына қарсы өткізді. Матч тартысты әрі әсерлі өтті. Кездесу жанкүйерлерге жарқын эмоциялар сыйлап, нағыз спорттық рух пен қызықты ойын өрнегін көрсетті.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АЛЕКСАНДР СТОЛЬНИКОВ, «ҰШҚЫН-КӨКШЕТАУ» КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: Өте тамаша спортзал. Менің ойымша, Қазақстандағы ең үздік спорт залдарының бірі. Команданың дайындығына келсек, жаттығу процесі жақсы деңгейде өтті. Спортшылар тыңғылықты дайындалып, жарысқа үлкен жігермен келіп отыр. Көкшетауда мұндай ауқымды жарыстар көптен бері өткізілмеген. Сондықтан бұл турнирдің маңызы ерекше. Біз жанкүйерлерге жақсы ойын көрсетіп, соңына дейін күресуге дайынбыз. Бұл тур біз үшін алдағы бір айдан кейін өтетін плей-офф кезеңіне дайындықтың маңызды бөлігі. Сол себепті әр ойында бар күшімізді салып, нәтиже көрсетуге тырысамыз.

РКС: Есепті Орал командасы ашты. Бірінші партияның алғашқы минуттарынан-ақ екі команда да тартысты ойын өрнегін көрсетті. Алаңда әр ұпай үшін қызу күрес жүріп, қарсыластар бір-біріне оңайлықпен дес берген жоқ. Нәтижесінде бірінші сет 25:20 есебімен оралдықтардың пайдасына аяқталды. Екінші партияда Көкшетау командасы ойын қарқынын арттырып, лайықты қарсылық көрсетті. Волейболшылар шабуылда белсенді ойнап, қорғаныста да сенімді әрекет етті. Ойын көрермендер үшін аса тартысты өтті. Кездесу барысында екі команда да жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, жанкүйерлерге әсерлі матч сыйлады.

СНХ: АЙБЕК АХМЕТ, ЖАНКҮЙЕР: Бүгін Қазақстан Республикасының 34-ші волейболдан турнир өтіп жатыр Көкшетау қаласында. Өзіміздің командамызға жанкүйер болуға отбасымызбен келдік. Волейбол өте жақсы, қызықты, тартымды өтіп жатыр. Ұйымдастыру деңгейі де өте жоғары. Алдағы күндері бұл чемпионат әлі де жалғасуда. Сол күндері де осылай жанкүйер болып келеміз.

РКС: Өкінішке қарай үшінші сеттің қорытындысы бойынша көкшетаулықтар «Жайық» командасынан 3:0 есебімен жеңіліп қалды. Енді олар бір айдан кейін Көкшетауда 5-ші және 8-ші орынға таласады. Ал Жетісу, Ақтөбе, Атырау мен Жайық командалары Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының чемпионы атағына жарысады.

СНХ: ЕРМЕК СЫРЛЫБАЕВ, ВОЛЕЙБОЛДАН ҚР ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ: Көкшетау қаласына жаңа арена салғанына өте қуаныштымыз. Облыс әкіміне алғыс айтқым келеді. Бұл арена енді волейбол орталығы болады деп сенеміз. Қазір волейбол өңірде жақсы дамып келе жатыр. Қыздар арасында болса да, ұлдар арасында болса да. Осы Ұлттық лигада 8 команда қатысып жатыр. Бұл соңғы туры, плей-оффтың алдында. Өкінішке орай «Ұшқын» командасы 5-8-ші орынға ойнайды. Келесі айда осы аренада плей-офф турнирі өтеді.

РКС: «Ұшқын-Көкшетау» командасы сәуір айында өтетін плей-офф кезеңіне бар күшін салып дайындалып жатыр. Жанкүйерлер команданың жеңісіне үлкен үміт артып, алдағы жарыстарды асыға күтуде.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ