ДИКТОР: Ежелден ән-жырдың бесігі атанған Көкше өңірі тума талантқа бай өлке. Олардың қатарында Эвелина Титова да бар. Мамыр айында ол караокеден республикалық жарысқа қатысты. Еліміздің әр облысынан келген 72 оқушының арасынан үздік атанған Эвелина бас жүлдені еншілеп қайтты. Осылайша ресейлік әнші Леонид Агутиннің халықаралық отбасылық форумына қатысуға жолдама алды.

РКС: Эвелина Титова осыдан екі жыл бұрын Болашақ Сарайы жанындағы «Жұлдыздар» үлгілі вокалдық студиясына келген еді. Ол бала кезінен үлкен сахнада ән айтуды армандаған.

СНХ: ЭВЕЛИНА ТИТОВА, «ЖҰЛДЫЗДАР» ҮЛГІЛІ ВОКАЛДЫҚ СТУДИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Көптеген байқауларға қатыстым. Лауреат атанып, түрлі орындарға ие болдым. Мысалы, «Әнші бұлбұлдар», «Жарқын болашақ» республикалық байқауларында бағымды сынадым. Болашақ сарайының атынан жуырда Алматыда өткен өнер сайысында гран-при еншіледім. Енді Сочиде өтетін Леонид Агутиннің отбасылық форумына барамын.

РКС: Бұл вокалистің жалғыз марапаты емес. Ол «Сен бәрінен де жарқынсың» және «Каприччо» халықаралық байқауларында да жеңістің тұғырынан көрінді. Эвелина мұның бәрі оңайлықпен келмегенін айтады. Сағаттап дайындықтан өтеді. Еліміздің мықты вокалистерімен иық тіресе сынға түсу қажырлылықты талап етеді. Жетекшісі Әридаш Хамзина шәкіртіне үнемі қолдау білдіріп келеді. Ұстаз үшін шәкіртінің биікке көтерілгенінен асқан бақыт жоқ.

СНХ: ӘРИДАШ ХАМЗИНА, «ЖҰЛДЫЗДАР» ҮЛГІЛІ ВОКАЛДЫҚ СТУДИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Қыз өте талантты. Ол кез келген тақырыпты бойына тез сіңіріп алады. Онымен жұмыс істеу өте жеңіл. Айтайын деп тұрғаныңды көзіңнен ұғады. Эвелина Қазақстанның атынан бара жатыр. Лайықты өнер көрсетеді деп сенемін. Жеңіспен оралады леген үміттемін.

РКС: Эвелинаның тұла бойы өнерге тұнып тұр десек, артық айтқандық болмас. Фортепианода, флейтада және түрлі соқпалы аспаптарда ойнайды. Вокалдан қолы қалт еткенде ол сурет салғанды жақсы көреді. Биыл көркемөнер мектебін үздік бітірді. Эвелина форумға қатысу үшін Сочиге аттанып кетті.

ЯНА КРЮЧЕК, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.