ДИКТОР: Көкшетауда «Жас құтқарушылар» қалалық слеті өтті. Оған 14-16 жас аралығындағы 100-ге жуық ұл мен қыз қатысты. Жарысқа қаланың 12 мектебі өз құрамын жасақтап, слетке үкілеп әкеліпті. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Слеттің ережесі бойынша әр құрамда 8 оқушы мен 2 жетекші болуы шарт. Қатысушылар 7 кезеңде жарысты. Слеттің ең қызықты кезеңі «Өрт эстафетасы» болды. Жарыстың бұл түрінде оқушылар жауынгерлік киім киіп, түрлі тапсырмаларды орындады. Келесі кезеңде оқушылар өрт жабдықтарымен жұмыс істеу дағдыларын көрсетті. Өрт сөндіру көлігіне жүгіріп, өрт-техникалық жабдықты шығарып, жеңдерді өрт сорғысының қысым құбырына бекіткен.

СНХ: АЙЖАН ХАСЕНОВА, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ №3 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Бұл сайыстар менің ойымша тек ғана өз деңгейімізге емес, жалпы болашақта мамандық таңдаған кезде және дене шынықтыру жаттығуларында көмектеседі. Өрт немесе төтенше жағдайларда бізде көптеген дайындықтар болуда. Ең қызықты кезең менің ойымша эстафета жүгірген кезде болатын. Эстафетада бізде 4 бала қатысады. Әрбіреуі белгілі бір көмек көрсететін. Сол ең қызықтысы болды.

РКС: Ауа райының қолайсыздығына байланысты «Табиғи ортадағы іздестіру-құтқару жұмыстары» кезеңі Садовое ауылында өткізілді. Жарыстың бұл түрінде оқушылар альпинистік, туристік және арнайы құтқару құралдарын қолдана отырып, құтқару іс-қимылдарына, апат аймағына кіруге қабілеттілігін көрсетті.

СНХ: ӘМІР ХӘКІМОВ, №8 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ӘДІСКЕРІ: Осындай іс-шаралар оқушылардың спортқа деген сүйіспеншілігін, бәсекелестік қабілетін дамытады. Осындай жарыстар өткізіп жатқанына өрт қызметі орталығына алғысымызды білдіреміз. Бұл оқушылардың болашаққа деген ұмтылысын, спортқа деген, осы мамандыққа деген құрметін арттырады.

РКС: Жарыс қорытындысы бойынша №17 мектеп-гимназияның құрамасы 3-ші орынға ие болды. Жүлделі 2-ші орынды №7 мектебінің командасы иеленді. Ал 1-ші орынға техникалық мектеп-лицейінің құрамасы лайық деп танылды. Бұл командалардан құрама жасақталып, мамыр айында өтетін облыстық кезеңге қатыспақ.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.