ДИКТОР: Ақмола облысының бірқатар өңірінде Жеңістің 80 жылдығына арналған «80 игі іс» ауқымды акциясы басталды. Қайырымдылық марафоны полиция департаментінің бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Қазірдің өзінде аймақтың бірнеше өңірін аралап үлгерді. Айта кетейік, мерекеге дейін облыстың барлық ауданы қамтылады. Марафон Бурабай ауданынан бастау алды.
РКС: Щучинскідегі Абылай хан алаңында өткен алғашқы концертте полиция департаментінің шығармашылық ұжымы кеңес солдаттарының ерлігіне арналған әндермен қоса патриоттық шығармаларды да орындады. Көрермендермен бірге ән айтты. Әр қойылымда сезімталдық пен эмоция басым болды. Осылайша, концерт Жеңістің символына айналған «День победы» әнімен аяқталды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ӘЛИЯ ҚАБДЫШЕВА, ДЕМАЛУШЫ: Бурабайға демалуға келгенбіз. Петропавлдан менің сіңлім келіп, осы жерге келіп кетейік деп. Қарасақ, мында Жеңістің 80 жылдығына арналған концерт қойып жатыр екен. Аяқ астынан көнцерт көрдік. Өте жақсы өтті. Осы өлеңдердің барлығын біз айтқанбыз. Енді міне, балалар осы өлеңдерді айтып жатыр, соған көңілім толып, өте қуанып жатырмын. Көптен-көп рахмет, сіздерге. Еліміз аман болсын, халқымыз тыныш болсын. Біздің немерелер де білу керек. Соғыс туралы қазіргі жастар білмейді ғой.
РКС: Қайырымдылық марафоны одан соң Шортанды ауданында жалғасты. Бұл жердегі қарттар үйінде ұйымдастырылған мерекелік концерт көпшіліктің жүрегін жылытып, естеліктермен бөлісуге мүмкіндік берді. Полиция қызметкерлерінің ұйымдастырған бұл концерті қарттар үшін үлкен тосын сый болды.
СНХ: ФРИДРИХ ШТЕТТИНГЕР, ТЫЛ АРДАГЕРІ: Жеңіс күні — менің ең сүйікті мерекем. Біз оны ұзақ күттік. Біз ол кезде бала болсақ та, еңбек еттік, осы бейбіт күнге жету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Барлық тыл еңбеккерлерін және соғысқа қатысушыларды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін.
РКС: Марафон Целиноград ауданында да ұйымдастырылды. Осы жерде ерекше көзге түскен сәт - соғыс жылдарын бейнелейтін архив кадрлары арқылы сүйемелденген концерт. Барлық тыңдарман орындарынан тұрып, ЛЕД-экранда бейнеленген ардагерлерге тағзым етті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Полиция қызметкерлері бұдан бөлек, Степногорск қаласы мен Ақкөл, Бұланды аудандарында дәл осындай қайырымдылық акциясын өткізді. Ашық аспан астында өткен погон таққан әншілердің өнерін тамашалауға егде жастағы адамдар мен еңбек ұжымдарының өкілдері жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шара тек қана өткенді еске алу емес, сонымен қатар қазіргі ұрпақ үшін Жеңіс күніне деген құрметті арттыруға бағытталған. 9 мамырға дейін аталған қайырымдылық марафоны өңірдің барлық ауданын аралайды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ