ДИКТОР: Бүгін – Халықаралық би күні. Би адамның ішкі жан дүниесінің сұлулығын айшықтайтын, тілмен түсіндіре алмайтын дүниені қимылмен жеткізетін ерекше өнер түрі. Әр халықтың өзіне тән би дәстүрі, хореорграфия тілі бар. Соның ішінде қазақ биі адамның табиғатқа көзқарасын, дүниетанымын айқындайтын өнер десек қателеспейміз. Мың бұралған қазақ қыздарының парасаттылығын, мәдениеттілігі мен жігіттердің қайсарлығын бір ғана бидің астарымен сомдап, сахнада ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген «16 қыз» халықтық би ансамбліне 25 жыл толды. Осы атаулы датаға орай би ұжымы сүйікті көрерменіне мерейтойлық концерттік бағдарлама ұсынды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Бір сахнада өсіп, қанаттанған арулар осы жолы да ерекше толқыныспен көремен алдына шықты. Әр мерекенің сәнін келтіріп жүрген би ұжымы осы жолы да барша жанкүйер өнер сүйер қауымды жинап, есеп берді. Айта кетейік, бұл ансамбльдің құрамында бір отбасының бірнеше мүшесі өнер көрсетеді.

СНХ: КӘРІМЖАН ТҰЯҚБАЕВ, КӨРЕРМЕН: Мына 25-жылдық мерейтойлары құтты болсын. Менің немерем де, шөберем де осында билеп жүр. Тәлім-тәрбие алып жүр. Көп-көп рахмет. Лаура немерем 12-жыл болды, ал Әдия шөберем 2-ші жыл осында билеп жүр. Үлгілері, беріп жатқан тәрбилері өте ұнамды, жақсы. 25 жылға 25 жыл қосыла берсін. 50 жылдыққа бізге де келуге жазсын.

СНХ: ТҰРСЫН ЖАРОВА, КӨРЕРМЕН: Немереміз билеген сайын ылғи келіп тұрамыз. Осындай концерттерде жүреміз. Бізге өте ұнайды. Өте қатал, жақсы ұстайды. Жақсы жері балаларды жауапкершілік пен тәртіпке үйретеді. Өте қуаныштымыз. Бүгінгі мерекеге қуана-қуана келіп отырмыз. Осы мерейтой құтты болсын. Әрі қарай осылай жалғаса берсін.

 РКС: Ансамбль жыл сайын республикалық, халықаралық фестивальдар мен байқауларға қатысып, жүлделі бірінші орын және гран-при иегерлері атанып келеді. Әлемнің Малайзия, Франция, Азербайжан, Ресей, Туркия, Чехия, Кипр мен Испания сияқты үлкен елдерінде үлкен сахналарында өнер көрсетіп жүр. «16 қыз» - бұл жай ғана ансамбль емес. Бұл - тағдырлар, қошеметтер, сапарлар, достық және әрине биге, өнерге деген махаббат»,-дейді ұжымның көркемдік жетекшісі.

СНХ: МАДИНА ДОСМАҒАНБЕТОВА, «16 ҚЫЗ» ХАЛЫҚТЫҚ БИ АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Би өнері әрдайым бір орында тұрмайтын өнер. Әрдайым қыздарым да, өзімде түрлі мастер класстарға қатысып тұрамыз. Әрине біз үшін шабыт, жаңа толқын береді. Жаңа сезім береді. Одан сайын шабытымыз оянады. Барлық қолдап келген біздің көрермендерімізге, қонақтарымызға, ата-аналарымызға мың алғыс. Және де бізге көмек көрсетіп, әрдайым бізді қолдап жүрген «Көкшетау» Мәдениет Сарайының үлкен ұжымына алғысымды білдіремін. Бұл біздің екінші үйіміз.

РКС: Ансамбль қалалық, облыстық мерекелік іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Фестивальдер аясында жетекші-балетмейстерлердің шеберлік сабақтарына қатысып, ұлттық билерді үйреніп, репертуарды толықтыру үшін талмай еңбектенеді. Шара барысында би ұжымына ширек ғасыр ішінде жетекшілік еткен кеш қонақтарының есімі аталып, көрермендердің ерекше ілтипатына бөленді. Оларға облыс әкімі Марат Ахметжанов пен облыстық мәдениет басқармасының атынан арнайы алғыс хаттар мен гүл шоқтары табысталды. Өнер иелері де өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, көрерменге ризашылықтарын білдірді.

ИНТЕРШУМ:

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ