Негізгі Жаңалықтар 2 қазан – халықаралық әлеуметтік педагогтар күні

2 қазан – халықаралық әлеуметтік педагогтар күні


ДИКТОР: Баланың жанынан табылып, оның қоғамға бейімделуіне қолдау көрсететін әлеуметтік педагогтардың еңбегі қашанда маңызды. Осы жауапты қызмет иелерінің кәсіби еңбегін дәріптеп, олардың қоғамдағы ролін айқындау мақсатында 2 қазан – халықаралық әлеуметтік педагогтар күні ретінде аталып өтеді.

РКС: Әлеуметтік педагогтың күнделікті жұмысы оқушының қажеттілігін анықтап, оған тиісті жағдай жасаудан басталады. Әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың білім алуына кедергі келтіретін мәселелер назардан тыс қалмайды. Бұл бағыттағы жұмыс ата-анамен бірлесіп жүргізіледі.

СНХ: ТОЙЖАН БАЙБЕКОВА, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГЫ: Менің ойымша әлеуметтік педагог баланың мәселесін уақытында байқап, оны тыңдап, қажетті көмек және қолдау көрсету. Себебі, әр бала өзін қауіпсіз және еркін сезінуі тиіс деп ойлаймын. Балалармен және сол балалардың отбасыларымен тығыз байланыста болу керек, ата-аналармен. Әр балаға жоспар құрылады, сол жоспар арқылы жұмыс істеледі. Әр баланың ата-анасымен жұмыс істейміз, ең алдымен өтініштері қабылданады, өтініштен соң біз оларды алақан жүйесіне қосамыз. Алақан жүйесіне ваучер ашылады, осы кезде ата-аналармен тығыз байланыстамыз.

РКС: Баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуы – мектеп ұжымының ортақ міндеті. Осы мақсатта әлеуметтік педагог психологпен, сынып жетекшілерімен етене байланыста. Бірлескен жұмыстың арқасында оқушының көңіл-күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударып, қиын жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік туады. Оқушыларға өз мәселесін ашық айтуға, қажет кезде көмек сұрауға және кез келген қиындықтан шығудың дұрыс жолын табуға бағытталған түрлі тренингтер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

СНХ: АМАНГҮЛ ТАУФИҚҚЫЗЫ, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГЫ: Сонымен қатар, тек қана оқушылармен емес, ата-анамен де дер кезінде жарнамалар ұсыну, ақпараттандыру, қауіпссіздікке байланысты жаңағы сенім телефондарын үнемі ауыстыру, қайда жүгіне алады, не туралы айта алады, не істеуге болады, бала кімнен көмек сұрай алады, сенімді адамнан, досынан не ересек адамнан. Ол тек қана психологтің ғана емес, мұғалімнен бола ма ата-анасынан бола ма. Қандай да бір қиындыққа тап болған кезде көмек сұраудың әлсіз еместігін білдіруге, ол әлсіздік белгісі емес, керісінше осыған дұрыс қадам басып, шешім табудың дұрыс жолын көру.

РКС: Шаhардағы университетте әлеуметтік педагогтарды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда студенттер теориялық біліммен қатар, практикалық тәжірибе жинақтап, мамандықтың қыр-сырын ерте меңгереді. Оқу барысында болашақ мамандар балалармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін үйреніп, түрлі әлеуметтік жағдайлармен жұмыс жүргізу тәжірибесінен өтеді.

СНХ: ӘСЕМАЙ ШЫРЫНХАН, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Менің бұл мамандықты таңдау себебім адамдармен қарым-қатынас жасау, жұмыс істеу және де балаларға қолдау көрсетуге деген қызығушылығым болғандықтан таңдадым. Қазіргі кезде әлеуметтік педагог өте маңызды маман деп айта аламын. Себебі, қазіргі уақытта балалардың да мәселелері әртүрлі. Айта кететін болсақ, буллинг, кибербуллинг, отбасылық қиындықтар, баланың әлеуметтік теңсіздігі, қоғамға бейімделуі сияқты қиындықтар болып жатады. Сол жағдайда балаға шешім ғана беріп қоймай, баланың өзін сенімді ұстауына, өзін ортаға қалыптастыруына,өз өзіне сенімділігін арттыруына тікелей көмектесе алатын маман деп айта аламын. 

РКС: Балаға уақытында көрсетілген қолдау оның өзіне деген сенімін арттырып, ортаға бейімделуіне ықпал етеді. Әлеуметтік педагогтың осы тұрғыдағы еңбегі – баланың бүгінгі жағдайына ғана емес, болашағына бағытталған маңызды қызмет.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу