Ауылдағы әлеуметтік қызметкер
ДИКТОР: Жарқайың ауданында 25 әлеуметтік қызметкер бар. Олар жалғызбасты қариялар мен мүгедектігі бар жандарға көмектеседі. Бірі азық-түлігін, дәрісін жеткізіп берсе, енді бірі үй шаруасына жәрдемдесіп, емханаға ертіп барады. Олар үшін ең бастысы күнделікті қарапайым қарым-қатынас.
РКС: Александр Никель біраз жыл әлеуметтік қызметкердің көмегінен бас тартып келген. Өзім бәрін жасай аламын дейтін. Ол мүгедектігі бар ұлымен бірге тұрады. Енді Наталья сияқты көмекшісі пайда болғаннан бері өмірі жеңілдеп сала берді.
СНХ: АЛЕКСАНДР НИКЕЛЬ, ЗЕЙНЕТКЕР: Бұрын әлеуметтік қызметтен басымды ала қашатынмын. Ұлым мүгедек, көбінесе үйден қашып кететін. Сондай әдеті бар. Ал қазір Натальяның келгенін күтіп жүреді, оған әбден бауыр басып алды. Маған да жеңіл болып қалды. Үйде балама қарайтын адам бар екенін білгендіктен, аулада еркін жұмыс істей аламын.
РКС: Наталья Қадырованың әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеп келе жатқанына жеті жыл. Қазір қарауында төрт адам бар. Біз барған күні Александрмен бірге көкөніс өнімдерінен қысқы дайындамалар жасап жатыр екен. Қыстың күні жұмыс бұдан да көбейеді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: НАТАЛЬЯ ҚАДЫРОВА, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР: Менің негізгі міндетіме еден жуу, ас әзірлеу, кір жуысу, су төгу, азық-түлік сатып әкелу кіреді. Ал қыстың күні көмір кіргізіп, қар да тазалаймын. Боранды күндері қар тазалау тіпті қиындайды. Қарауымдағы адамдар әңгімелесіп, шүйіркелесіп отырғанды қалайды. Мен үшін олардың дені сау, қажетті заттармен қамтылғаны маңызды.
РКС: Ауылдағы әлеуметтік қызметкерлерге ауа райының қолайсыздығына қарамастан жаяу жүруге тура келеді. Олар күнделікті қарапайым жұмыстарды ғана атқарып қоймай, психологиялық көмек берумен де айналысады. Жарқайың ауданындағы арнайы әлеуметтік қызмет орталығы 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Көпшілігі үшін олар көмекші ғана емес, сенім артатын адамға айналып кетеді.
СНХ: САМРАТ АЙТПАЕВ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫСТАР БОЙЫНША КЕҢЕСШІ: Біздің әлеуметтік қызметкерлер өте елгезек, мейірімді жандар. Әрбіріне өзінің тумасындай қарайды. Қариялар мен мүгедектер үшін ауқымды жұмыстардың бәрін атқарады. Олардың күнделікті атқарып жүрген жұмыстары көзге көрінбесе де, әр адам үшін әлеуметтік қызметкердің туыс, бауыр, жақын жан болып кеткені маңызды.
РКС: Бұл жерде үйдің жиналып, ас-судың әзір тұрғаны емес, жалғызбасты қариямен сөйлесіп, пікір алмасып, көңілін көтеретін адамның күнделікті келіп тұратынын, қуаныш сыйлайтынын айта кету керек. Жарқайың ауданында 2 мыңнан астам зейнеткер бар. Жергілікті билік бірінші кезекте қарияларға қол ұшын созуға басымдық береді.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ