Негізгі Жаңалықтар Қариясы бар ел – қазыналы ел

Қариясы бар ел – қазыналы ел


ДИКТОР: Белсенді ұзақ өмір орталығында қарттар күніне орай ардагерлер мен аға буын өкілдеріне арналған мерекелік концерт өтті. Шара барысында қонақтарға жылы лебіздер айтылып, ізгі тілектер білдірілді. Мерекелік кеште өнерпаздар ән шырқап, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсем әндер мен әсерлі қойылымдар үлкендердің жүрегіне қуаныш ұялатты. 

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Мерекелік шараға қадірлі қарттарды құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізу үшін зиялы қауым өкілдері мен мәдениет саласының майталмандары арнайы келді. Олар аға буынға деген ыстық ықыластарын білдіріп, жүрекжарды құттықтау сөздерін арнады.

СНХ: БИСАРА МӘКЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ: Қазақта айтады ғой «Қариясы бар үйдің, қазынасы бар»-деп, сол сияқты біздің үлкендеріміз міне, кенйінгі буын жастарымыз үлкендерді құрметтеп, шақырып осындай қызмет көрсетіп жатыр. Мыңда бір рахмет. Біздің аға буын ағаларымыз, аналарымыз аман болсын. Әр үйде береке, бірлік болсын деймін. Жылдан-жылға біздің өзіміздің ортамыз азаймай, жақсыларымыз ортамызда жүрсін, ақылдарын айтып жүрсін, үлкендеріміз аман болсын. 

РКС: Мерекелік шараға келген қонақтардың назарына Белсенді ұзақ өмір орталығы қатысушыларының қолынан шыққан ерекше қолөнер бұйымдары ұсынылып, арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеден ұлттық нақыштағы сәндік әшекей бұйымдар, түрлі тоқыма жұмыстары, жүннен бастырылып жасалған картиналар мен құрақ көрпелердің сан алуан түрін тамашалауға мүмкіндік болды. 

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: АЙША ОСПАНОВА, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫНА КЕЛУШІ: Тоқыма тоқып жатырмыз, сосын осындай қыз жасауын жасайды зейнеткер апайлар. Сосын фурнитурамен жұмыс істейміз. Әртүрлі алқа жасаймыз. Бұл орталық біздің екінші ұйіміз ғой. аспанымыз ашық болсын. Еліміздің шекарасы аман болсын. Үлкендеріміз балашағалардың қызығын қызықтап, қуаныштарына тоймай, ұзақ өмір сүрсін. Осы орталықтың ұжымына денсаулық тілеймін, жұмыстары жемісті болсын, жеңісті болсын, табысты берекелі болсын. 

 РКС: Қарттар күніне арналған мерекелік шара аға буынға деген құрмет пен ілтипаттың жарқын көрінісіне айналды. Өнер мен қолөнерді ұштастырған тағылымды кеште қарияларға көтеріңкі көңіл-күй сыйланып, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесі ұлықталды. Мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің маңызын айшықтай түседі. Қарияларымыздың ақ батасы мен ақыл-кеңесі кейінгі буынға әрдайым рухани азық болмақ.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу