Шаһарда 288 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып жатыр
ДИКТОР: Кей отбасылардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына объективті себептер кедергі келтіреді. Мәселен, еңбекке қабілетті азаматтар үш жасқа дейінгі немесе мүгедектігі бар балаларға күтім жасайды. Кей жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздық та жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Көкшетауда бұл бағытта қандай жұмыс атқарылуда? Тілшіміз айтсын.
РКС: Көкшетауда атаулы әлеуметтік көмек алатын 300-ге жуық отбасымен жеке жұмыс жүргізілуде. Негізгі мақсат – еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмыспен қамтып, олардың табысын арттыру. Бұл ретте мамандар әр отбасының жағдайын жеке қарастырып, азаматтарға қолайлы жұмыс орындарын ұсынады.
СНХ: ЗӘУРЕШ НҰРЫМОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгінде кедейлік шегі 44 721 теңге, ал күнкөріс деңгейі – 63 887 теңге. Биылғы жылдың үшінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарында 288 отбасы бар. «Кедей отбасыларсыз округ» пилоттық жобасы аясында еңбекке қабілетті отбасы мүшелерімен жеке жұмыс жүргізіледі. Олардың кәсіби дағдылары, жұмыс тәжірибесі және білім алуға деген қажеттілігі ескеріледі. Азаматтарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, соның ішінде жалақысы жоғары жұмыс орындары ұсынылады. Бос жұмыс орындары азаматтардың біліктілігі, денсаулық және отбасылық жағдайы ескеріле отырып іріктеледі.
РКС: Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 78 отбасы өмірлік қиын жағдайдан шыққан. Бұл атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 27 пайызы. Мансап орталығының мамандары отбасыларды үйіне барып, жұмыспен қамту шаралары мен мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпараттандырады. Қажет болған жағдайда азаматтарға жеке кеңес беріледі.
СНХ: ДИНА МҰХАМЕДИЯРОВА, АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУШЫ: Атаулы әлеуметтік көмекті алу қиын кезеңде отбасымызға үлкен қолдау болды. Осы көмектің арқасында материалдық қиындықтарымызды ішінара шешіп, тұрмыс жағдайымызды жақсарта алдық. Қазіргі уақытта отбасымыз қиын өмірлік жағдайдан шықты. Көкшетау қаласының Мансап орталығының мамандарына көрсеткен көмегі, кәсібилігі және отбасымызға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.
РКС: Осылайша, әр отбасының жағдайына қарай жұмыспен қамтудың жеке бағыты айқындалады. Негізгі мақсат – азаматтардың табысын арттырып, отбасылардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ