Негізгі Жаңалықтар «Заң мен тәртіп» тақырыбындағы үздік бейнероликтер анықталды

«Заң мен тәртіп» тақырыбындағы үздік бейнероликтер анықталды


ДИКТОР: «Заң мен тәртіп» қағидаты – мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетігінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар бүгінде түрлі форматта жүзеге асырылуда. Көкшетауда өткен «Заң мен тәртіп» облыстық бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Айта кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидатын жастар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға 10 бейнематериал ұсынылған.

РКС: Жұмыстарды бағалау барысында олардың мазмұнына, тақырыпты ашуына және заманауи тәсілдердің қолданылуына басымдық берілген. Байқауға қатысушылар заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және интернеттегі алаяқтықтан сақтану мәселелерін бейнероликтер арқылы жеткізуге тырысқан. Ұйымдастырушылар жастардың шығармашылық жұмыстары арқылы «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызын көпшілікке түсіндіру көзделгенін айтады. 

СНХ: ЕРЛАН ЗАКИРЬЯНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘКЕЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Әр шараның өзінің талабы болады, сол талапқа сәйкес, критерий дейді ғой, соған қарап шықтық. Жан-жақты көрсетілді ме, жан-жақты көрсетілмеді ме, қойған біздің манағы тақырыбымыз бар ғой, сол ашылды ма заңды түрде, ашылмады ма деген сияқты. Материалдарды бір жұмадай болды қарап бітірдік.

РКС: Қатысушылар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, «Заң мен тәртіп» тақырыбын заманауи форматта жеткізді. Ал кейбір бейнетаспаларда бұл ұғым күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттер арқылы көрсетілген. Солардың бірі – Зеренді ауданына қарасты Баратай ауылдық клубының ұжымы. Олар бейнероликті жасанды интеллект құралдарын қолданбай, қолда бар мүмкіндіктермен түсірген. Клубта «Заң мен тәртіп» жобасы аясында балалармен түрлі бағытта жұмыс жүргізіледі. Әр шарада балаларға тәртіп сақтау, дұрыс әрекет ету, жауапкершілік пен заң талаптарын орындау жөнінде кеңінен түсіндіріледі,- дейді мәдениет үйінің меңгерушісі.

СНХ: ГҮЛНӘР ЫБЫРАЕВА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ: (ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ): Осы видеороликпен біз көрсеттік, қағаз шашуға болмайды, мусорды лақтыруға болмайды, қазір жастар лақтырып кетеді, сындырып кетеді, шашып кетеді деген сияқты. Соны болмайды дегенді көрсеттік. Әр нәрсенің өз заңы бар, өз порядогы бар дегендей, тәртібі бар. Балалар бізде өте тәртіпті, мейірімді, әр шараға қатысады. Біздің Баратай клубымыз 36 клубтың ішінде «Ең үздік клуб» деген номинация алдық 2026 жылы. Соның дәлелі деп ойлаймын осы бейнеролигіміз.

РКС: Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Қосшы қаласының тұрғыны Нұрбол Қағанат еншіледі. Екінші орын Баратай ауылының тұрғыны Гүлнар Ыбыраеваға бұйырды. Ал үшінші орынға көкшетаулық Қажымұқан Қожағалиев ие болды. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Байқауға қатысқан өзге жеті үміткер де назардан тыс қалған жоқ. Оларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу