Негізгі Жаңалықтар Инвестор облыстың жаңартылатын энергетикасына $500 млн-ға дейін салмақшы

Инвестор облыстың жаңартылатын энергетикасына $500 млн-ға дейін салмақшы


ДИКТОР: Ақмола облысында шетелдік инвесторлардың қолдауымен үш жел электр станциясы мен жаңғыртылған астық сақтау кешені бой көтереді. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов шетелдік компаниялардың өкілдерімен тиісті келісімдерге қол жеткізді. Тараптар Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында жалпы құны жарты миллиард долларды құрайтын құжаттарға қол қойылды.

РКС: Ақмола облысында «жасыл» энергетика белсенді дамып келеді. Жаңартылатын көздер өңірдегі жалпы электр энергиясының шамамен бестен бір бөлігін өндіреді. Қытайлық компания облыстың Есіл және Зеренді аудандарында жалпы қуаты 450 мегаватт болатын үш жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Инвестор бұл жобаға жарты миллиард долларға дейін қаражат бөлуге дайын. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылы аяқтау көзделген. Ал электр станциясы іске қосылған сәтте 25-тен астам тұрақты жұмыс орны ашылады деген болжам бар. 

СНХ: СЮ МИН ФЕНГ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ SUNGROW КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Ақмола облысымен инвестиция келісімге қол қойғанымызға өте қуаныштымыз. Сондықтан жобаларды кестеге сай барынша тез аяқтауға жеткілікті ресурстар бөлеміз. Негізінен біздің Ақмола облысымен өте жақсы қарым-қатынасымыз бар. Және бұл өңірде тәжірибеміз де мол. Сондықтан бұл жобаны табысты жүзеге асыратынымызға сенімдіміз. Біздің қолға алғанымыз жел энергетикасы жобасы. Өйткені Ақмола облысы жел ресурстарына бай өңір. Сондықтан біз Ақмола облысына инвестиция құюды жалғастырамыз. 

РКС: Компания бұған дейін Аршалы ауданында жаңартылатын энергия көздері саласында жобаны сәтті жүзеге асырған болатын. Жергілікті билік өкілдері аймақта инвесторды толықтай қолдауға қажетті инфрақұрылым бар екенін мәлімдеді. Қазір тиісті құжаттама дайын. Құрылыс-монтаждау жұмыстары қазан айында басталады. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласына да шетелдік капитал тартылуда. Жақсы ауданындағы Қазақ ауылында шетелдік инвестор қолданыстағы астық элеваторын жаңартуда. Астық сақтау нысанын жаңғыртуға алты миллион доллар инвестиция жұмсалмақ. 

СНХ: МА ЮНХУ, «CHINA-KAZAKHSTAN AGRICULTURAL DEVELOPMENT TECHNOLOGY» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: Астық қоймасының сыйымдылығы шамамен 50 мың тонна төңірігінде болады. Басты мақсат – астықты терең өңдеу. Біз Солтүстік Қазақстан, Ақмола сияқты облыстарда зерттеу жүргізіп, нақты осы өңірдің негізгі астық өндіретін аймақ екенін, сонымен қатар ресурстарға өте бай екенін түсіндік. Оның үстіне Ақмола облысының басшылығы біздің жобамызға өте үлкен қолдау көрсетіп отыр. Біз үлкен ынтамен кірістік және жобаны осы жерде жүзеге асатына нық сенімдімін. 

РКС: Жұмыстар аяқталғаннан кейін кәсіпорын бидайды қабылдап, сақтап және өңдеп қана қоймай, мал азығына арналған ұн да өндірмек. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Ақмола облысының аумағына халықаралық компаниялар мен инвесторларды тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу