Негізгі Жаңалықтар Кітап оқудан ел үздігі атануға мүмкіндік бар

Кітап оқудан ел үздігі атануға мүмкіндік бар


ДИКТОР: Елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды ұлттық бастама қолға алынды. «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны ел көлемінде кеңінен қолдау тапты. Игі бастамаға Ақмола облысынан 35 мыңға жуық тұрғын қатысуда. Кітап пен оқырманды қайта қауыштырған тағылымды марафон қыркүйек айында басталып, келер жылдың сәуір айына дейін жалғасады. 

РКС: «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Шілде айында Ақмола облысының әкімдігі «Кітап оқитын ұлт» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, облыста кітап оқу марафонын өткізу жөнінде меморандумға қол қойды. 

СНХ: ДОСҰЛАН АЙТБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Кітап оқитын ұлт» жобасы бойынша жұмысты үйлестіру мақсатында Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың өкімімен осы жақында өңірлік жобалық кеңсе құрылды. Оның құрамына жалпы мемлекеттік органдарының, білім және мәдениет ұйымдарының өкілдері енгізілді. Қыркүйек айынан бастап өңірдің барлық 20 ауданы мен қаласында марафонға қатысу үшін, оқушыларды, студенттерді, педагогтер мен облыс тұрғындарын тіркеу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілді. Бүгінде жобада әртүрлі санатта шамамен 35 мыңға жуық ақмолалық қолдап платформаға тіркелді.    

РКС: Ауқымды жоба қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Ұлттың рухани қазынасын байытып, ой-сананы кемелдендіруге бағытталған марафон аясында 300-ден астам кітаптың ішінен оқырманға ұсынылатын 15 шығарма іріктеліп алынды. Айта кетейік, тағылымды жоба бірнеше бағытты қамтыды. 

СНХ: ДОСҰЛАН АЙТБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қоғамның барлық санатын қамтитын осындай үлкен жоба 7 бағытты қамтып отыр. Атап өтетін болсақ «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын зияткер» сияқты нақты осы 7 бағытты қамтиды. 

РКС: Оқырман өз бағытын таңдап, тіркелгеннен кейін, сол бағыт бойынша іріктелген кітаптар тізіміне қол жеткізеді. Әр шығарманы оқып болған соң қатысушы арнайы тест тапсырып, кітап туралы өз пікірін білдіреді. Бұл тек оқылған дүниені саралап қана қоймай, республикалық жоба аясында өз білімін сынап, үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндік береді.

СНХ: ЖАНАР ЖҮНІСОВА, «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ӨҢІРЛІК ЖОБАСЫ КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Әр кітапты оқуға 12-15 күндей уақыт беріледі. Жүйе өзі кітапты шығарып отырады. Кітапты оқып болғаннан кейін, ол жерде пікір жазу керек. Пікір осы кітап мазмұны бойынша. Сол пікірге 250 балл беріледі. Егер сол пікірге тағы бейне пікір салса, қосымша 50 балл беріледі. Видео пікірді әр оқырман өзінің әлеуметтік желісіне мысалы Instagram парақшасына, Facebook, TikTok парақшасына салып сілтемесін платформаға жүктейді. Әрі қарай дәл солай жалғаса береді. 

РКС: Бүгінде жоба аясында облыс кітапханалары қажетті әдебиеттермен толықтырылып, оқырмандарға барлық жағдай жасалуда.

СНХ: НҰРҒИСА ДӘУЕШОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Кітапханалар «Кітап оқитын зияткер» бағыты бойынша өз жұмысын бастайды. Қазір аудандық, ауылдық кітапханаларда бекітілген тізімге сәйкес, қажетті кітаптармен толық қамтылған. «Кітап оқитын зияткер» бағыты бойынша 2000 жуық адам тіркеліп, тіркеу жұмыстары жалғасын табуда. Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен тағы да 7-ші әлеуметтік санат қатарына парасат санаты қосылды. Бұл санат бойынша еліміздің саяси мемлекеттік қызметшілері мен Құрылтай депутаттары, зиялы қауымның қатысуы көзделген.  

РКС: Марафонның өңірлік кезеңінде үздік нәтиже көрсеткен оқырмандарға берілетін жүлде қоры да қомақты. Жеңімпазға 600 мың теңге, 2-ші орын иегеріне 450, ал 3-ші орынға 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады. Ал, әр өңірден оза шапқан үздік оқырман республикалық кезеңге жолдама алады. Еліміздің 20 үздік оқырманы сынға түсетін ақтық кезеңде 3 жеңімпаз анықталып, олардың әрқайсысына 10 миллион теңгеден жүлде табысталады. Республикалық кезеңді келер жылдың сәуірдің 23-і «Ұлттық кітап» күніне орай Астана қаласында өткізу жоспарланып отыр. Осылайша, кітапты серік еткен үздіктердің бәсекесі елордада қорытындыланбақ. 

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ. 


Бөлісу