Дәстүрлі каратэден техникалық семинар өтті
ДИКТОР: Қыркүйектің 26-сы мен 27-сінде шаһарда дәстүрлі каратэден екі күндік техникалық семинар өтті. Білімі мен тәжирибесімен бөлісуге әлемге танымал сэнсей, 6-шы дан иегері Сурен Матевосян Армениядан арнайы келді. Семинарға тілшіміз Евгений Варанкин қатысып қайтты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Сурен Матевосян дәстүрлі каратэнің негізін қалаушы Хидэтака Нисиямадан тәлім алған. Сан жылдық тәжірибесі бар шебер өткен семинарда спортшылар мен жаттықтырушыларға ката мен кумитенің әдіс-тәсілдерін меңгертті. Негізгі мақсат – шеберлікті шыңдап, алдағы халықаралық жарыстарға дайындықты күшейту.
СНХ: СУРЕН МАТЕВОСЯН, АРМЕНИЯНЫҢ ДӘСТҮРЛІ КАРАТЭ-ДО ҰЛТТЫҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Осында алғаш рет келіп отырмын. Балалардың қабілеті жоғары екенін, жаттықтырушылардың да өте жақсы екенін көріп отырмын. Бұл соңғы семинар емес деп ойлаймын. Федерацияның деңгейі алдағы уақытта одан әрі өседі. Маған бұл жер, жалпы ұжым өте ұнады. Көптеген елдерде болдым. Осында шақырған сэнсей Русланға рақмет айтамын. Ол федерацияның әрі қарай дамуы үшін бар күшін салады деп ойлаймын.
РКС: Семинарға Көкшетау мен Астана қалаларынан келген спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты. Мамандар дәстүрлі каратэнің өзіндік ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде көрсетіп, қатысушылардың техникасына түзетулер енгізді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға және спортшылардың дайындығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтады.
СНХ: БЕРІК ХАМИТОВ, «СПОРТТЫҚ КАРАТЭ ФЕДЕРАЦИЯСЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ АСТАНА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Спорттық каратэден президенті Руслан Дүкембаев ағамыздың шәкірттері үлкен, жоғары деңгейде жүрген спортшылар, әлемдік деңгейде. Каратэнің болашағы әрине бар. Астананың өзінде балалар көп айналысады, мектепте болсын, балабақшада болсын. Өте көп қызығушылық танып жатады. Ақпаратпен алмасудың маңызы зор. Білмейтінін үйретіп жатады. Дәстүрлі каратэ мен спорттық каратэнің айырмашылығы үлкен екен. Алатын нәрсе бар екен. Үйренер әлі көп.
РКС: Қатысушылардың айтуынша, дәстүрлі каратэден алынған техникалар спортшылардың жалпы дайындығын жетілдіруге де сеп болады. Семинар барысында әр қимылдың орындалу дәлдігіне, дене қалпына және техникаға ерекше мән берілді. Жиынға қатысқан спортшылар алған білімдерін алдағы жаттығуларда қолданбақ.
СНХ: РУСЛАН НИКОЛЕНКО, КАРТЭ-ДО ШОТОКАННАН АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ: Бұл біз үшін жаңа техника. Сондықтан бар күшімізді салып, осы бағытты терең меңгеруге тырысып жатырмыз. Сэнсей Сурен беріп жатқан барлық ақпаратты мұқият қабылдап, үйреніп жатырмыз. Болашақта осы федерацияның құрамына толықтай кіруді жоспарлап отырмыз. Әлем және Азия чемпионаттары сияқты түрлі жарыстарға қатысқымыз келеді. Алдағы уақытта осындай чемпионаттарды өзіміздің туған Қазақстанымызда өткізуді де жоспарлап отырмыз. Балаларымыздың дайындық деңгейі өте жақсы.
РКС: Екі күнге созылған техникалық семинар осылайша тәжірибе алмасу алаңына айналды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да шетелдік шеберлерді шақырып, осындай оқу-жаттығу жиындарын өткізуді жоспарлап отыр. Ал спортшылар үшін бұл – жаңа техниканы меңгеріп, халықаралық додаларға дайындықты пысықтауға берілген мүмкіндік.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ