Прокуратура 6,9 млрд.теңгенің инвестжобасын қорғап қалды
ДИКТОР: Облыстық прокуратура Бурабай ауданында жұмыс істеп жатқан инвестордың құқықтарын қорғап қалды. Компания Щучинск қаласында құны шамамен 7 миллиард теңге болатын сүт зауытын салып жатыр. Жобаны жүзеге асыру барысында компания инфрақұрылымға қатысты кедергіге тап болды. Нысанды сумен жабдықтау тоқтатылып, салдарынан инвестициялық жобаны іске асыру қаупі туындады. Орын алған мәселені шешуге ықпал ету үшін инвестор құқық қорғау органдарынан көмек сұрады. Жағдайды Бас прокуратураның инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеті үйлестірді. Ақмола облысының прокуратурасы тиісті ұйымдармен жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде сол күні нысанды сумен жабдықтау қалпына келтірілді. Осылайша компания құрылыс жұмыстарын ұзақ уақытқа тоқтатпастан жалғастырды. Айта кетейік, нысан пайдалануға берілгеннен кейін зауыттың өндірістік қуаты жылына 9 мың тоннадан астам сүт өнімін өңдей алады. Нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Жоба жыл сайын 942 миллион теңге көлемінде бюджетті толықтырады деген болжам бар.