Негізгі Жаңалықтар Ерекше әуестігі бар жандар

Ерекше әуестігі бар жандар


ДИКТОР: Ерекше әуестігі бар жандар біздің арамызда жүр. Бірақ олар туралы көп біле бермейміз. Өйткені өздерін жариялауды ұнатпайды, тек қолы бос уақытында сүйікті ісімен айналысып жүреді. Бүгінгі кейіпкерлеріміздің бірі аллюминий сымнан иіп ойыншық көліктің неше түрін құрастырса, енді бірі пластиктен, темірден, ағаштан жүк көліктерінің неше түрлі моделін жасайды. Ерекше әуестігі бар адамдармен тілшіміз Гәкку Асылбекқызы танысып қайтты. 

ИНТЕРШУМ :

РКС: Марат Камелинов аллюминий сымынан ойыншық көліктерді бес жасынан бастап жасап келеді. Әкесінің сол уақыттағы қат саналған «Жигули» көлігін армандаған сәттері ұлының қиялын ұштап, өз қолымен темір тұлпардың сан түрін жасауына әкелсе керек. Содан бері жеңіл көліктерден бастап, ауыл шаруашылығына қажетті темір тұлпарларды сымнан иіп жасап, гаражына тізіп қойыпты. Әрбірінің қозғалтқышы қосылады, доңғалағы жүреді, есік-терезесі, шанағына дейін ашылады. Тіпті жарық шамдары, түтін шығаратын құбырына дейін жасалған. Сымды ию үшін шеберге аса көп заттың қажеті жоқ. Түрлі қалыңдықтағы аллюминий сымы, қысқаштар мен кескіштер болса жетіп жатыр. Ең басты ерекшелік¬- әр көліктің түпнұсқадан айнымайтындығында.

СНХ: МАРАТ КАМЕЛИНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұл американдық машина солдаттарды тасуға арналған. Ұлы Отан соғысы тұсында 1943 жылдары пайдаланылған. Мұның түпнұсқасы тентпен жабылған, содан кейін маған да оны жабу ойыма келді, қорғаныш түсті матамен қаптадым. Мұнда капот, руль, барлығы жұмыс істейді, бәрі қозғалады. 

РКС: Марат Советұлы гаражын ашқан сәтте-ақ осы маңайда тұратын ұлдар жанына жинала қалады. Сымнан жасалған көліктердің әрбірін қолдарымен ұстап көріп, қозғалтқыштарын қосып, ары-бері жүргізіп қызықтайды. Шебердің коллекциясында американдық көліктердің модельдерінен бастап, кеңес заманында пайдаланылған, тіпті соғыс уақытында қолданылған жүк көліктерімен бірге, мотоциклдерге дейін бар. Соңғы кездері ұлттық нақыштағы заттарға да бет бұра бастапты.  

СНХ: МАРАТ КАМЕЛИНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Міне мынау киіз үй, есік, уық, кереге, шаңырақ, бәрі бар. Егер оны обшить етсе, ол потеряет вид, бірақ маған ұнайды в каркасном исполнении, мында бірнеше юрта бар әр түрлі размерлер, кішкентай бар, үлкен бар, мынау медный сым, мынау аллюминий сым. 

ЕСТЕТ. ШУМ:

РКС: Максим Соколовский болса, жүк көліктерінің моделін ағаштан, пластиктен және темірден жасайды. Мұндай әуестігі жасөспірім шақта оянған. Өз қолымен құрастырған машиналарына жарық шамдарын орнатып, дыбыс қосып, түпнұсқадан айнытпай жасауға машықтаныпты. Пластиктен жасалатындарын компьютерлік бағдарламаға салып, 3D принтермен шығарып алғаннан кейін, қалыпқа келтіреді. Темірден жасалғандарын бояп, түр береді. Әр ұсақ бөлшекті орнатуға ерінбейді. Қазір Максимнің коллекциясында 70-тен астам жүк көлігінің модельдері бар. 

СНХ: МАКСИМ СОКОЛОВСКИЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұл менің жас кезімнен айналысатын сүйікті ісім. Сабырлылыққа, төзімділікке үйретеді. Жігіттерді осындай іспен айналысуға шақыратын едім. Адамның жүйкесін тыныштандыратын болғандықтан, өзіме қатты ұнайды. Мұнымен 20 жылдан артық уақыт айналысып келемін.

РКС: Максим Петрович Ресейдегі модельдеушілер қауымдастығының мүшесі. Әуестігі біріктірген жандар бір-бірімен пікір алмасып тұрады. Ұлдарға арналған осындай үйірмелерді біздің елде көптеп ашса, модельдеушілердің қатары көбейетін еді,-дейді ол. Көліктерді құрастыруда Максимге ұлы Владислав та көмектеседі. Әкесінің әуестігіне баласы да қызығып, ағаштан өз қолымен жасаған бұйымдарын бізге көрсетуге асықты. 

СНХ: ВЛАДИСЛАВ СОКОЛОВСКИЙ, МАКСИМНІҢ ҰЛЫ: Я недавно закончил делать этот кировец, я занимаюсь уже много, скоро начну собирать новую модель от фирмы Звезда. 

РКС: Бірі сымды иіп, көліктің түр-түрін жасап жатса, енді бірі ағаштан,пластиктан, темірден темір тұлпарлардың түрлі моделін жасайды. Әрбірінің әуестігі өзінше бір әлем. Бірақ екі жанды да еңбекқорлық пен төзімділік біріктіреді. Сүйікті ісінен қол үзбейтін мұндай адамдардың өмірге де көзқарасы басқаша болады. Себебі, олардың әр туындысы қайталанбас жалғыз дана саналады. 

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ

 


Бөлісу