Монополистердің орындалмаған міндеттемелері 340 млн.теңгеден асқан
ДИКТОР: Аймақтық монополистердің орындамаған міндеттемелерінің көлемі 340 миллион теңгеден асты. Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті тексеру қорытындысын жариялады. Анықталған заң бұзушылықтар, сапасыз берілген жылу ақысын қайта есептеу және желілерді жөндеу жұмыстары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды.
РКС: Департамент жылу және сумен жабдықтаудан бастап кірме жолдарға қызмет көрсетуге дейінгі 150 түрлі қызметті ұсынатын 69 монополистің жұмысын қадағалайды. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында өтінімдер «Монополистің дерекқоры» порталы арқылы қабылданады. Ал тарифтер тұрғындармен бірлесіп талқыланады. Биылдың өзінде шамамен 500 адамның қатысуымен 36 қоғамдық тыңдау өткізілді. Десе де, тексерулер жеткізушілердің барлығы бірдей адал жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр.
СНХ: АНДРЕЙ ШЕВЧЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуына жүргізілген талдауға сәйкес 348 миллион 609 мың теңгенің игерілмегені анықталды. Жылумен жабдықтау саласында 49 миллион 700 мың, электр энергиясын тасымалдау саласында – 2 миллион 663 мың, сумен жабдықтау саласында 206 миллион, ал суларды бұру саласында – 89 миллион 571 мың теңге.
РКС: Жіберілген заң бұзушылықтар үшін лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылуда. Биыл департамент 29 әкімшілік іс қозғап, 32 миллион теңгеден астам айыппұл салды. Сонымен қатар тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңартуға байланысты ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аймақтағы инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі әлі де жоғары. Тең жартысы ауыстыруды қажет етеді. Биыл жөндеу және инвестициялық бағдарламалардың құны 20 миллиард теңгеге жуықтады.
СНХ: АНДРЕЙ ШЕВЧЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл жүргізілген қайта есептеу жұмыстары жылу беру маусымы кезінде жылудың жеткіліксіз берілген жағдайларын анықтады. Тұтынушыларға қайтарылуға тиіс жалпы сома қосымша құн салығын қоса есептегенде 13 980 775 теңге болды. Жалпы алғанда биылғы жөндеу науқанын жүзеге асыруға арналған инвестициялық бағдарламаларға 19 миллиард 853 миллион теңге бөлінді. Ол 2146 шақырым желі мен 720 жабдықты жөндеуге мүмкіндік береді.
РКС: Жыл басынан бері департаментке азаматтардан 1,5 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Оның бірде-бірі назардан тыс қалған жоқ. Аймақта монополистер көрсететін қызметтің сапасына қатаң бақылау және тұтынушылардың құқығын қоғау, тарифтерді ұстап тұруға қатысты жұмыс жалғаса береді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ