Әскери тұтқындардың тағдырына арналған монография таныстырылды
ДИКТОР: Ұлы Отан соғыс кезеңінде ақмолалық әскери тұтқындардың тағдыры жайлы жергілікті тарихшы Аманай Сейітқасымовтың монографиясы жарық көрді. Ұрыс даласынан тұтқынға түсіп, фашистік концлагерьлерде азаптанған, елге оралғасын «сатқын» деп танылып, кеңес лагерьлерінде жазасын өтеген 39 мыңдай солтүстік өңірдің азаматы бар деген дерек тіркелген. Алайда бұл әлі де құпиясы көп, ашылмай жатқан деректер. Монографияның таныстырылымы Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында өтті.
РКС: Монография тарихнамалық шолу, әскери тұтқындар тағдыры, перденің ашылуы, қилы тағдырлар, ақмолалық әскери тұтқындардың архивтік құжаттары сияқты тараулардан тұрады. Олардың концлагерьлерде көрген қиыншылықтары,кеңес лагерьлерінде бастарынан өткен жағдайлары жайлы мағлұмат берілген.
СНХ: АМАНАЙ СЕЙІТҚАСЫМОВ, МОНОГРАФИЯ АВТОРЫ: Деректерді Ресей Федерациясы Омбы мемлекеттік архивінен, Қазақстан Республикасы Президенттік архиві, Орталық мемлекеттік архив және Қарағанды, Қызылжар, Ақмола, Көкшетау сияқты аудандардың архивтерінен алдық. Әлі де біраз деректер жабық, дегенмен қолға тигендерін, мүмкіндік алғандарымызды кітапқа кіргіздік.
РКС: Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 6 миллионға жуық кеңес жауынгері фашистік Германияның қол астына тұтқынға түсті. Фашистік концлагерьлердің ауыр жағдайынан кеңестік тұтқындардың 3 миллионнан астамы аштық пен қатігездіктен қаза тапты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, фашистік тұтқыннан еліне 23 мыңнан астам қазақ жауынгері аман-есен оралған. Дегенмен хабарсыз кеткендер мен лагерьлерде көз жұмған отандастарымыздың нақты саны бұдан әлдеқайда көп. Тұтқыннан босап, КСРО-ға қайтқан 2 миллионға жуық адамның басым бөлігі қайтадан әскерге немесе өнеркәсіптік батальонддарына жіберілсе, 340 мыңға жуығы Отанын сатты деген айыппен НКВД лагерьлеріне тоғытылды.
СНХ: ӘДИ ЕЛЕМЕСОВ, ӨЗБЕК ЕЛЕМЕСҰЛЫНЫҢ НЕМЕРЕСІ: Менің атам Өзбек Елемесұлы Игілік ауылында туған 1908 жылы, бригадир болған, 1941 жылы соғысқа кетіп, Қиыр Шығыста тұтқынға түсіп, немістердің пленында болған концлагерьден басқа совет үкіметінің де тұрмесін көрді, сатқын деп 1952 жылы атамды қайта соттап жіберген. 1956 жылға дейін совет үкіметінің лагерьлерінде болды тектілігінен айнымаған, өмір бойы атамның қатты сөйлегенін көрген жоқпын, үнемі кешірімді болу керек дейтін.
СНХ: МАНСҰР НҮСІПБЕКОВ, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Екінші дүниежүзілік соғыстағы ақмолалық тұтқынға түскендердің тағдыры. Біз осы кітапты оқып, жастарға білім көрсетіп, үлгі көрсетеміз, кітап оқу жастарға өте керек, алдарына көп мақсаттар қою керек.
РКС: Тарихшы ғалымдар алдағы уақытта да рұқсат етілген архив құжаттарымен жұмыс істеп, екінші дүние жүзілік соғыс құпияларын әлі де аша түсуді көздеп отыр.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ